Елімізде жолаушылар тасымалына қанша ұшақ жұмылдырылған?

Азаматтық авиация саласын дамытудың негізгі бағыттары жөнінде ҚР Үкімет отырысында ИИДМ-нің басшысы Марат Қарабаев еліміздің ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестігі - 82 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Бұл орайда аталған жұмыс ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, маршруттық желіні дамыту, сондай-ақ әуе-көлік инфрақұрылымын жақсарту сынды бағыттарға сәйкес қолға алынғанын айта кеткен орынды.

"Қауіпсіздік деңгейінің өсімінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін 2019 жылы еуропалық модель негізінде отандық азаматтық авиация жүйесі түбегейлі реформаланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылып, заңға сәйкес оған бақылау-қадағалау функциялары берілді", - деді ведомство басшысы.

Осы ретте аталған ұйым құрылған сәттен бастап 934 тексеру және сертификаттау жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ рейстерді орындау үшін 1500-ге жуық рұқсат құжаты берілгенін айта кетейік. Бұған қоса сертификат талаптарына сай келмейтін және ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін 7 әуекомпанияның пайдалану сертификаты жарамсыз деп танылды немесе кері қайтарылды. Сонымен қатар 7 әуежайда ұшып-қону жолағын пайдалану уақытша тоқтатылды.

Тұтастай айтсақ, қазір тұрақты жолаушылар тасымалын 5 әуекомпанияның 90 ұшағы іске асырып келеді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!