Елімізде жаңа жолаушылар пойыздары қашан іске қосылатыны айтылды

Премьер-министр Әлихан Смаилов депуттаттық сауалға берген жауабында Қазақстанда жолаушылар вагондарының паркі қашан және қалай жаңаратынын айтып берді, деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz.

Берілген ақпарат бойынша, алдағы үш жылда елімізде және Ресейде жиналатын 187 тепловоз сатып алынады. 2029 жылдың соңына дейін Alstom технологиясы бойынша жасалған электровоздардың 245 данасы жаңартылады.

Сонымен қоса, екі жыл ішінде Ресейде құрастырылған 307 жолаушылар вагоны және Stadler технологиясы бойынша жасалған 537 жолаушылар вагоны сатып алынады.

Биылдың өзінде келісімдер жасалып, "Қазақстанның вагон жасау компаниясы" ЖШС мен "ЗИКСТО" акционерлік қоғамынан 1 500 жартылай вагон және 601 фитингті вагон сатып алынбақ.

2023 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша қазіргі таңда Қазақстанда жолаушыларға арналған қозғалмалы құрамның 2 679 данасы бар. Оның 2 219 данасы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АК меншігінде және 460 данасы - жеке тасымалдаушылардікі. Олардың орташа ескіруі - 47,6 пайыз.

Депуттатық сауалға берілген жауапта 2023 жылдан бастап 1433 анықтама нөміріне қалалық және ұялы байланыс бойынша хабарласу тегін болатыны да айтылды. Мұның алдындағы 1433 нөміріне хабарласу құны ұялы байланыс құралынан минутына 25 теңге болатын.