"Екі ел арасындағы туристік қарым-қатынас өте жақсы дамыған" - Үндістан елшісі

Пандемияға дейін Үндістанға 11 мыңға жуық қазақстандық саяхаттап баратын. Өкінішке қарай қазір екіжақты туристік қатынас тоқтап тұр. Бірақ коронавирусқа байланысты жағдай жақсарған соң ғана шекаралар ашылады. Бұл туралы Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шубхдаршини Трипати айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

"Үндістан мен Қазақстанның мәдени байланысы тығыз екенін білесіздер. Йога, үнді фильмдері, биі және музыкасы қазақстандықтар арасында танымал. 21 маусымда халықаралық йога күнін атап өтеміз. Биыл Қазақстанның 10 қаласы бұл мерекені атап өтуге белсене атсалысты", - деді елші журналистермен кездесуде.

Дипломаттың айтуынша, коронавирус пандемиясына дейін Үндістанға жылда 11 мың қазақстандық саяхаттап баратын болған.

"Екі ел арасындағы туристік қарым-қатынас өте жақсы дамыған. Үндістаннан Қазақстаннанға сапар шегетін туристер өте көп, оның ішінде туристік маусым кезінде Алматыға саяхаттайтын үндістандықтар бар. Сондай-ақ Үндістанға баратын қазақстандықтар да баршылық. Пандемияға дейін жылына 11 мыңға жуық адам баратын. Енді коронавирусқа байланысты жағдай жақсарғанын күтіп отырмыз. Содан кейін үндістандықтар Қазақстанға және кері бағытпен туристер саяхаттай алады", - деді Шубхдаршини Трипати.

Елшіліктің мәліметінше, қазір Үндістанға туристер үшін кіруге рұқсат жоқ. Ал басқа мақсатта бару үшін визалық рәсімдер жекелей тәртіппен қаралады және міндетті түрде 72 сағат бұрын тапсырылған ПТР-тестінің теріс нәтижесі болуы керек.

Айта кетейік, биыл пандемияға байланысты Үндістан үкіметі Халықаралық йога күні-2021 тақырыбын "Саулық үшін йога" деп атады. 7-ші Халықаралық йога күні мерекесіне орай, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди  AYUSH министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген "The WHO mYoga" қосымшасын іске қосқанын хабарлады.

Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!