Демалысқа қайда барған жөн? Алматы облысындағы қысқы каникулды өткізетін тамаша орындар

Жазғы демалыс сияқты қысқы каникулдың да көп адамдар үшін маңызы зор. Жаздағыдай абыр-сабыр, у-шу, қапырық ыстық жоқ, қысқа мерзімді болса да, көз қарықтыратын сұлулық, мүлгіген тыныштық, саф ауа, ақ көрпесін жайып тастаған жазық дала, табиғаттың шетсіз де шексіз тамаша көрінісі және нағыз қысқы спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігі көңіліңізден шығары сөзсіз. Ал Zhetysu Travel қарлы демалысыңызды естен кетпестей етіп өткізуге болатын жерлерді ұсынады.

"Жаркент-Арасан" шипажайы

"Жаркент-Арасан" - кіші Жоңғар Алатауының сілемінде, 1 100 метр биіктікте, Бурақожыр өзенінің жағасында орналасқан шипажай. Мұнда бальнеотерапия мен лаймен емдеу, физиотерапия, емдеу жаттығулары, массаж, парафиноаппликация кабинеттері, гинекологиялық, ішектерді, ауыз қуысын шаю бөлмелері, төрт камералық ванналар, Шарко душы және циркулярлық душ бар. Шипажай жанынан мәдени-көпшілік және спорттық ойындар үшін волейбол, баскетбол, теннис алаңдары салынған. Бұлақтардың суының қызуы +45 °С.

"Қаратал" шипажайы

"Қаратал" емдеу-сауықтыру кешені тұмса табиғат пен тау шатқалдарына, Жетісудың тарамдалған өзендері айқыш-ұйқыш кесіп жатқан кең далаға саяхаттауды жаны сүйетін туристердің арасында үлкен сұранысқа ие. Сауықтыру орны Талдықорғаннан 30 шақырым жерде, Текелі қаласының маңында, Қаратал өзенінің жағасында орналасқан.

Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін "Қаратал" шипажайы 1980 жылы ашылғаннан бері 123 мыңнан астам демалушыны қабылдаған. Емдеу-сауықтыру кешені қазақстандықтарға барлық жағдайы жасалған шипажай аумағында орналасқан, бір-бірімен жабық дәліз арқылы жалғасқан емдеу корпустары мен жатын бөлмелерін, алма бағы мен бассейнді, жайлы демалыс орындары мен ыңғайлы балалар алаңқайларын ұсынады.

Сонымен қатар "Қаратал" кешенінің медицина саласында көптеген қызметтер көрсетуге рұқсат беретін лицензиялары және емдеу-профилактикалық базасы бар. Ал кәсіби команданың білікті қызметі мен тамылжыған табиғаты сауықтыру кешенінің абыройын асқақтатып, демалушыларды өзіне тарта түседі. Шипажайдың жолдамасы да көптеген қазақстандық отбасылар үшін қолжетімді.

Tau Zhetysu тау шаңғысы базасы

Алматы облысының Ескелді ауданында керемет Tau Zhetysu тау шаңғысы базасы орналасқан. Кешен туристердің талғамынан шығатын жайлы номерлер ұсынады, олардың ішінде әдеттегі бөлмелерден VIP номерлерге дейін бар. Мейрамханадағы алуан түрлі ас мәзірі келушілердің көңілінен шығады. Ең бастысы, тау беткейінде қысқы спорт түрлерімен айналысуға тамаша жағдайлар жасалған, бағасы тиімді әрі қолжетімді. Бұл беткейдің жаңадан үйреніп жүрген парапланеристер үшін де, таудың арасында салт атпен серуендеушілер үшін де қолайлы екенін айта кеткен жөн.

Ойын-сауық кешенінде өзіңе және жақындарыңа арнап керемет қысқы демалыс ұйымдастыруға болады. Ол үшін мұнда ыстық монша, сауна мен бассейн бар, ал мейрамханада он адамнан асатын топтарға арнап банкет ұйымдастыру да қарастырылған.

2012 жылдан бастап мұнда ұзындығы бір шақырымға жуық арқанды-ілмекті жолдың қызметі жолға қойылған. Онда тек шаңғышылар мен сноубордистерге қызмет көрсетіп қана қоймай, жоғарыдан төмен қарай шанамен және балонмен сырғанауға да болады. Тау шаңғысымен және тьюбингпен көтерілуден басқа, мұнда мұзайдында сырғанауға болады және әртүрлі құралдарды жалға беру қызметі көрсетіледі.

"Черкасай" туристік базасы

"Черкасай" туристік-спорттық базасы Жетісу (Жоңғар) Алатауының жоталарында, Текелі қаласының төңірегіндегі Черкас шатқалында теңіз деңгейінен 1 550 метр жоғары орналасқан. Тамылжыған табиғат аясындағы базаны жан-жағынан діңіне құшақ жетпес ғасырлық зәулім ағаштар қоршап тұр. 

Бұл жерде сіз достарыңызбен бірге саяхаттар мен жорықтар, қысқы демалыстың басқа да түрлерін тамашалай аласыз. Тау арасындағы көз тоймайтын сұлулықтың аясында табиғатпен жүздесіп, 20 шақты адамға арналған жып-жылы ұядай бөренеден жасалған коттедждерде қыстың тамаша кештерін өткізе аласыздар.

Базада жайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалған: кешенді тамақ, жарық, су, душ, әжетхана, т.б. "Черкасай" туристік базасы қаланың шуынан шаршаған жанға жазда да, қыста да рақаттана демалуға қолайлы орын.

"Черкасай" туристік-спорттық базасы табиғат аясындағы қысқы демалысты сүйетін жандардың барлығын - романтиктер мен ғашықтарды, үлкенді-кішілі компанияларды, сондай-ақ бірлігі бекем отбасыларды жыл бойы қабылдап, жақсы көңіл күй сыйлауға даяр.

"OI-Qaragai Лесная сказка" таулы курорты

Іле Алатауының Ой-Қарағай шатқалында орналасқан "Орман ертегісі" таулы демалыс базасы алматылықтарға кеңінен таныс. Демалыс орны 2021 жылдың аяғында өз қонақтарына таза ауада өткізілетін көптеген шараларды ұсынады.

Oi-Qaragai Lesnaya Skazka Mountain Resort - бұл шаңғымен және сноубордпен сырғанау үшін барлық жағдай жасалған толыққанды шаңғы курорты. Арнайы жабдықталған трассалар, жалға беру пункттері, көтергіштер, арқан және троллей парктер, жоғарыдан төмен қарай құлдилайтын шаналар мен баллондар, жаяу турлар, оқыту курстары - барлығын осы жерден табуға болады.

Tekesu Outdoor Center 

Tekesu Outdoor Center - Алматы облысы, Текелі қаласындағы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін демалыс пен спорт туристік орталығы. Мұнда тау етегінде көтергіштер орнатылып, енді бастап жатқандар мен кәсіби спортшыларға арналған екі шаңғы жолы жасалды. Олардың ұзындығы бір шақырымнан асады. Дәл жанында демалушыларға арналған комфортабельді қонақүй бар.

Жергілікті жердің табиғаттық климаттық жағдайлары туризмді дамытуға өте қолайлы. Көркіне көз тоймайтын тау мен орман, саф ауа және қызылды-жасылды гүлге толы альпі шалғындары. Текелінің айналасындағы бұл жердің "кішкентай Швейцария" деп аталуы тегін емес. Тау шаңғысы базасы әкімдіктің қолдауымен еуропалық және ресейлік мамандарды қатыстыра отырып салынды. Жұмыс күндері мұнда шаңғы тебуге, шанамен сырғанауға және қар машинасымен қыдыруға 150-дей адам келеді, олардың арасында Талдықорғанның және еліміздің басқа да қалаларының тұрғындары бар.

Ulan Hot Spring Resort демалыс орны

Ыстық су қайнарларындағы тағы бір демалыс аймағы - Ulan Hot Spring Resort Шонжы - Көлжат тасжолының 97-шақырымында орналасқан. Мұнда 25-35 градусқа дейінгі ыстық суы бар төрт ашық және бір жабық бассейн бар. Қажет болса, демалушыларды Алматыдан тіке демалыс орнына комфортабельді микроавтобуспен жеткізіп беру мүмкіндігі бар. Әр адамға билет құны - бір жаққа 3 500 теңге.

Ulan Hot Spring Resort ыстық су қайнарларына термальды су құрамында радоны бар Қарадала кенішінен келеді. Демалыс аймағының аумағында бассейндерден бөлек, кафе, бар, караоке, балалардың ойын бөлмелері және тұз шахтасы мен орыс моншасы бар спа, оның ішінде тағы бір жабық бассейн бар. 

Eco Park демалыс орны

Шонжы - Алматы облысы Ұйғыр ауданының әкімшілік орталығы болып табылатын Қазақстандағы ауыл. Облыс орталығы Талдықорған қаласына дейінгі ара қашықтық - 346 шақырым, Алматыға дейін - 243 шақырым. Мұнда айналасындағы қалалар мен елді мекендердің тұрғындары рақаттана демалатын ыстық су қайнарлары орналасқан.

Шонжының төңірегінде орналасқан Eco Park сауықтыру кешені демалушылардың қалауына байланысты ыстық суы бар бассейнге түскен соң, "комфорт", "люкс" санатындағы жайлы бөлмелерде және коттедждерде демалуына мүмкіндік берілген. Демалыс аймағында шығыс тағамдарын дайындайтын кафе жұмыс істейді. Бұл жердің инфрақұрылымы жан-жақты дамыған, жер-жерде жайлы орындықтар қойылған.

Ыстық су қайнарлары - табиғаттың нағыз таңғажайыбы. Жылдың кез келген мезгілінде минералдық тұздармен қанықтырылған тап-таза ыстық су (+30...+42 °С) адамның ағзасына жақсы әсер етіп, сергектік сыйлайды және бойындағы дертіне ем болады. Ыстық судың жердің астындағы қайнар көздері жоғарыға шығу үшін түрлі геологиялық жыныстардың арасынан өтіп, пайдалы заттармен қаныға түседі.

Кешендегі қолайлы да жайлы жағдай ештеңемен таңқалдыра алмайтын ең бір кінәмшіл меймандардың да жеңілденіп, жайланып демалуына мүмкіндік береді.