Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу. Еліміздің әуе және теміржол саласы дайын ба

Көлік министрлігі бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге дайындық туралы ақпаратпен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Көлік министрлігінде бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтіп, жолаушыларды уақтылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу тапсырылған болатын.

Осы ретте "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ көршілес теміржол әкімшіліктерімен бірлесе отырып, жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу бойынша шараларды қолға алды. Ұлттық компанияның ақпаратына сәйкес, жолаушылар пойыздарының қозғалысына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурстарда қолжетімді.

"Бүгінгі таңда теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне сәйкес барлық жолаушылар пойызына билеттерді сату жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ жолаушыларды уақтылы хабардар ету үшін қызметкерлер арасында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кезінде жолаушыларды ақпараттандыру және поездардың жүру тәртібі туралы тиісті нұсқамалар берілді", - делінген министрлік хабарламасында.

Жолаушылар анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ Бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы немесе @KTZH_PP_BOT Telegram ботының көмегімен тегін ала алады.

Азаматтық авиация саласында да тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Көлік министрлігі халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (ИАТА) бірлесе отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша қажет жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде отандық әуекомпаниялары билеттерді сату жүйелеріне өзгерістер енгізді. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында әуе компаниялары ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жолаушыларға барынша ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.

"Осылайша, Air Astana, SCAT және Qazaq Air әуе компаниялары билеттерді сату жүйесінде қажетті өзгерістер енгізіп, жолаушыларға тиісті хабарламалар жолданды. Өз кезегінде, Fly Arystan әуе компаниясы да бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, рейстер кестесіне өзгерістер енгізу бойынша техникалық жұмыстарды аяқтады. Жолаушыларға нақты ұшу уақыты белгіленген билетті қалай жүктеп алуға болатыны туралы ақпаратты көрсете отырып, хабарламалар жіберілді", - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, 29 ақпаннан 2 наурызға дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жедел штабы базасында 8 7172 798214, 8 7172 798213 нөмірлері бойынша "жедел желі" жұмыс істейді. Сондай-ақ рейс бойынша өзекті ақпаратты нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтері мен әуе компаниялардың Call-орталықтарына хабарласуы керек: Air Astana 8 727 244 44 77, 8 7172 58 44 77, 8 702 702 44 77; FlyArystan 8 727 331 1010 (WhatsApp 8 702 702 0227); SCAT 8 7252 99 88 80; Qazaq Air 8 727 356 14 14.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуі қолданылады. Осылайша, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріледі (Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстары).

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!