"Борттағы тағам қымбаттады". FlyArystan жолаушының шағымына жауап берді

Ер адам FlyArystan бортында тағам бағасының қымбаттағанына шағымданды. Оның айтуынша, сэндвич пен сусын бағасы 4300 теңге болған. Әуекомпания өкілдері жолаушының шағымына жауап берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Редакцияға оқырман хабарласып, қазақстандық әуетасымалдаушының бортында тағамның қымбаттауына қатысты жағдайды анықтауды өтінген.

"FlyArystan әуекомпаниясымен Астанадан Қызылордаға ұштым. Тағам бағасы едәуір өскенін байқадым. Өткен айда сэндвич 2500 теңге тұратын, қазір - 3300 теңге. Сусынды бұрындары 500 теңгеге алатынымын, қазір 1000 теңгеге алдым", - деп назданды ол.

Сондай-ақ, ол бортта тағам сатып алғаны туралы чек жіберді.

Редакция тілшісі әуекомпанияның өкіліне хабарласып, осы жағдайды түсіндіруін сұрады.

"FlyArsytan азық-түлік бағасының өскенінен бөлек, бағаның қойылуына мынадай факторлар әсер ететінін айтады: сақтау, сертификация, лицензиялау, жинау және әуежайда қызмет көрсету (тағамдарды бортқа жүктеу).

Сыртқы факторлар әсері негізгі шығын ретінде жүреді. 2022 жылдың басынан кейбір әуежайларда қызмет көрсету құны 2-3 есе өсті, соның салдарынан борттағы тағам қымбаттады", - дейді компания өкілдері.

Сонымен қатар, компания өкілдері борттағы өнімдердің көбісі отандық өнім екенін айтты.

"Мұндай өнім импорттық өнімге қарағанда қымбатырақ келеді, осының өзі де бағаның қойылуына әсер етеді", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!