Биыл Қазақстанда қос азаматтығы бар 500-ден аса адам анықталды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.
"Конституцияда қос азаматтыққа тыйым салынған. Барлық елдегі әріптестерімізбен бірге осы бағытта жұмыс істейміз. Былтыр 800-ден аса дерек тіркелді. Биыл осындай 500-ден аса жағдай анықталды. Бұл адамдардың бәрі Қытай азаматы емес. Негізінен бұл бұрынғы ТМД елдерінің азаматтары: Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан", - деді Игорь Лепеха Сенат кулуарында.
Министрдің орынбасары қос азаматтығы бар адамдар арасында жауапты басшылар болғанын да жеткізді.
"Рас, кезінде біз аудандық мәслихат, аудандық деңгейдегі шенеуніктерді анықтаған жағдайлар болды. Біз ақпаратты тиісті жерге жібердік. Биыл ондай резонанс тудыратын деректер болмады", - деді министрдің орынбасары.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!