Атырау-Алматы бағыты бойынша жүріп келе жатқан №42 пойыз техникалық вагонның ақауына байланысты шұғыл тоқтады. Жолаушылар арнайы ұйымдастырылған пойызға ауыстырылып, билет құнының айырмасы өтелетіні хабарланды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТЖ мәліметінше, жолда техникалық вагоннан ақау анықталған.
"20 қарашада сағат 14:34-те Арал Теңіз – Қазалы аралығында №42 Атырау – Алматы жолаушылар пойызы техникалық вагонның ақауына байланысты шұғыл тоқтады. Мамандар тексеріс жүргізіп, ақауды жойды. Пойыздарға қызмет көрсетумен Pate tes Talgo компаниясы айналысады", – деп хабарлады ҚТЖ өкілдері.
Ақауы бар пойыз Қазалы станциясына сағат 18:12-де келіп тоқтаған. Жолаушыларды тасымалдау үшін бір реттік пойыз ұйымдастырылды.
"Жолаушыларды тасымалдау үшін стандартты вагондардан құралған №505/506 Қазалы – Алматы-2 бағыты бойынша бір реттік пойыз тағайындалды. Бұл пойыз 20 қарашада сағат 21:00-де жөнелтіліп, 21 қарашада Алматы-2 станциясына келеді. №505/506 Қазалы – Алматы-2 бағыты бойынша стандартты вагондардан тұратын пойызға ауыстырылған жолаушыларға билет құнының айырмасы жолаушыларды, жүктi және багажды тасымалдау ережелеріне сәйкес өтеледі. Барлық жолаушылар су және тамақпен қамтамасыз етілді", – деп мәлімдеді ҚТЖ.
ҚТЖ уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауды өтінді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!