Астаналықтар танымал туристік өлкеге тікелей ұша алады

8 маусымнан бастап "Астана-Батуми" бағыты бойынша рейс қайта іске қосылады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметіне сәйкес SCAT әуе компаниясы "Астана-Батуми" бағытындағы рейстерді қалпына келтіріп жатыр.

Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті отандық және шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп халықаралық рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді.

"Осылайша, SCAT әуекомпаниясы биыл 8 маусымнан бастап "Астана-Батуми" бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен әуеқатынасын қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Рейстер сейсенбі және бейсенбі күндері "Боинг-737" типті әуекемелерімен орындалады", - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ биыл шілде айынан бастап рейстердің жиілігі аптасына 3 ретке дейін артады деп жоспарланған. Яғни, жолаушылар сейсенбі және бейсенбімен қоса, сенбі күндері де "Астана-Батуми" бағыты бойынша жолға шыға алады. Тұрақты әуе рейстерінің ашылуы Қазақстан мен Грузия арасындағы туристік, мәдени және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!