Астаналық ер адам мас күйде ұшақ бортында ойран салды

Астанада мас ер адам былапыт сөздер айтып, ұшақ экипажының талаптарына бағынбағаны үшін айыппұл арқалады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне SCAT әуекомпаниясының өкілінен "Пхукет - Шымкент - Астана" бағытындағы әуе рейсінің деструктивті жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түсті.

"Тексеру барысында көлік полицейлері 47 жастағы астаналық тұрғынды анықтады. Ол масаң күйде болып, экипаж қызметкерлерін балағаттаған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі, 434-бабы 1-бөлігі және 566-бабы 1-бөлігі бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 8 АЕК (27 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды", - дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Ұсақ бұзақылық бойынша материал шешім қабылдау үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Еске салайық, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуерейстерден 284 тұлғаны түсірді, олардың ішінде алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін - 131, ұсақ бұзақылық үшін - 21, әуекемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін 27 азамат әуерейстерден түсірілді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!