Астанада Махатма Гандиге арналған мүсін ашылды

Үндістанға турист ретінде баратын қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық - Астанада әйгілі қайраткер Махатма Гандиге арналған мүсін ашылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Үндістанның сыртқы істер және мәдениет министрі Минакаши Лекхи Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди мырзаның арнайы өкілі ретінде АӨСШК Саммитіне қатысу үшін арнайы келді және сапар барысында Махатма Гандиге арналған мүсінін ашты. Салтанатты шараға Қазақстанның мәдениет және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысты.

"Бүгінгі жиынға келген қауымды құттықтаймын. Екі ел арасындағы байланыс нығайып жатыр. Махатма Гандиге арнап орнатылған ескерткіш соған дәлел.  Мемлекеттеріміздің достығы жалғаса берсін",- деді Минакаши Лекхи.

 Мүсін елордадағы Отанқорғаушылар алаңына қарама-қарсы орнатылды. Биіктігі шамамен 3,5 метрдей.

Махатма Ганди - әлемдегі танымал тұлғалардың бірі. Көптеген елдің көрнекті жерлерінде Махатма Гандидің бюсті мен мүсіні орнатылған. Алматыда Махатма Гандидің мүсіні 2003 жылы ашылған.

Мүсін Үндістан тәуелсіздігіне 75 жыл және Үндістан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 30 жыл толуына орай орнатылып отыр. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы тығыз байланысты одан әрі нығайтады.


Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!