Астанада 200-ге жуық жолаушы діттеген жеріне ұша алмай қалды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана халықаралық әуежайы Scat әуекомпаниясының Астана - Санкт-Петербург бағытындағы DV821 рейсінің кешігуі туралы хабарлады. Сағат 08:30-да ұшып шығуы тиіс рейс техникалық себептерге байланысты шықпай қалған. Кейінірек рейс сағат 13:10-ға шегерілгені белгілі болды.
"200-ге жуық жолаушы кешігу туралы дереу хабардар етіліп, күту кезінде тамақ және сусынмен қамтамасыз етілді. Әуежайға ауыстырылатын ұшақ келіп, отырғызу басталды. Рейс сағат 13:10-да ұшады деп күтіледі", - делінген хабарламада.
"Біз жолаушылардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай отырып, болған жағдайға түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреміз", - делінген Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәліметінде.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!