Астана әуежайы уақытша жабылады. Жолаушыларға билеттерді ауыстыруды ұсынды

Астана әуежайы уақытша жабылады. Бұл туралы Fly Arystan әуекомпаниясының баспасөз қызметі мәлімдеі, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

"FlyArystan Астана қаласының Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағының 11 қазан, 16 қазан және 18 қазан күндері 13:20 – 17:20 уақыт аралығында резеңке шөгінділерін жою жұмыстарына байланысты уақытша жабылатынын хабарлайды", - делінген хабарламада.

Лоукостер рейстері ұшу-қону жолағының жабылу уақытымен сәйкес келетін жолаушылар үшін альтернатив ұшу күндерін ұсынады.

"Ағымдағы ұшу уақыты/күні туралы ақпарат жолаушыларға билеттерді брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірлері мен электрондық пошталарға жеке хабарлама арқылы жіберілетін болады", - деп нақтылады FlyArystan өкілдері.

Тасымалдаушы бұл өзгеріс әуекомпанияның бақылауынан тыс жағдай екендігіне назар аударуды сұрайды.

"FlyArystan Астана қаласының әуежайын ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін жұмыстарын қолдайды, бірақ бұл өзгерістер жолаушылардың жоспарларына әсер ететініне өкініш білдіреді", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Біздің редакцияға берген сұхбатында FlyArystan өкілдері мұның жөндеу жұмыстары емес, "техникалық қызмет көрсету" екенін түсіндірді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!