"Алматыға қайта ғашық болу". Қала бойынша ең ерекше экскурсиялар аталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© pixabay © pixabay

Алматы - кең көшелері, ескі ғимараттары, көптеген тынымбақтары мен бай тарихы бар, жасыл желекке малынған шуақты қала. Қала қонақтары бір көргеннен-ақ тамылжыған табиғатына ғашық болады, ал байырғы тұрғындар өмір сүру үшін бұдан артық жақсы жер жоқ екенін айтады. Kaz.tengritravel.kz порталы мен Aviata.kz сервисі Алматыны жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін және тіпті жергілікті тұрғындарды да таңғалдыратын ерекше экскурсиялар туралы айтып береді.


Иконка комментария блок соц сети

Алматы - кең көшелері, ескі ғимараттары, көптеген тынымбақтары мен бай тарихы бар, жасыл желекке малынған шуақты қала. Қала қонақтары бір көргеннен-ақ тамылжыған табиғатына ғашық болады, ал байырғы тұрғындар өмір сүру үшін бұдан артық жақсы жер жоқ екенін айтады. Kaz.tengritravel.kz порталы мен Aviata.kz сервисі Алматыны жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін және тіпті жергілікті тұрғындарды да таңғалдыратын ерекше экскурсиялар туралы айтып береді.

Верный дәуіріндегі Алматыға экскурсияны Анна Дегтярева мен Евгения Морозова 2018 жылдың қазан айында бастаған болатын. Олар серуен шетелдік қонақтарды тартады деп күткен. Алайда бұған жергілікті тұрғындар үлкен қызығушылық танытты. Экскурсия Достық-Қазыбек би көшелерінің қиылысынан басталады, онда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанында кафенің заманауи маңдайшасы бар ескі қақпасы орналасқан.

Қонақтарға 1912 жылы жер өлшеуші Попов жасаған Верныйдың жоспарының көшірмесі беріледі. Онда Верный кезеңіндегі көшелердің атаулары көрсетілген. Гидтер сол кездері көшелерге атаулардың қалай берілгені туралы айтады. Мысалы, Мұғалімдер көшесінде қалаға шақырылған мұғалімдер үшін жатақханалар болғаны белгілі. Торговая көшесі - қазіргі Жібек Жолы көшесі, мұнда әлі де көптеген дүкендер бар. Ал Мещанская көшесі (қазіргі Қабанбай батыр) бүгінгі күнге дейін қаладағы өмір сүруге қолайлы айтулы аудандардың бірі болып саналады.


Фото Татьяна Бегайкина

Одан әрі бағыт 1854 жылы Верный бекінісі басталған Кіші Алматы өзенінің бойындағы үйілген топырақ орналасқан Тәтібеков көшесімен жалғасады. Гидтер Қазан соборы, әйгілі Кептер базары, жертөлелер мен қаланың ескі ағаш үйлері, Фатима мешіті, көпес Никита Пугасовтың үйі туралы әңгімелейді. Экскурсия 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы серуенмен аяқталады. Маршрутқа сондай-ақ казактар тарихының шағын мұражайы бар казактардың мәдени орталығы да кіреді.


Фото Татьяна Бегайкина

Қала тұрғындарының ерекше қызығушылығы мен олардың отбасылары туралы әңгімелерінің арқасында гидтер көпес отбасыларының үйлері мен олар салған өнеркәсіптік және қазыналық ғимараттарға да экскурсиялар бағыттарын шығарды. "Модернистік Алматы" жаяу жүру бағыты бар: саяхат Қонаевтың мұражай-пәтерінде басталады, содан кейін гид Абай даңғылындағы ғимараттарды көрсетіп, олар туралы баяндайды. "Алматы және кино" бағыты Алматыда танымал фильмдер түсірілген орындарды көрсетеді, ал гид осы сала қайраткерлері туралы әңгімелейді. Мысалы, қонақтарға қалалықтар арасында аңызға айналған кино жұлдызы Любовь Орлованың эвакуация кезінде Бөгенбай батыр көшесі, 85 үйде (Зенков пен Достық көшелерінің арасында) тұрғаны туралы айтып береді.

Ұйымдастырушылардың бірі Евгения Морозова бағдарламалардың көп екенін, бірақ қаланың тарихына арналған турды ең жақсы және танымал тур деп санайтынын жеткізді.

"Шағын топтар - автобуста 15 адамға дейін, жаяу жүргіншілер тобы - 10 адамға дейін. Верный көшелері, Көпес қаласы, Гурда алаңына экскурсия, қазір Зенковқа арналған экскурсия дайындалуда, бұл Верный кезеңі. Верныйға дейінгі кезеңге арналған археологиялық экскурсиялар бар, оған біз археологтарды тартамыз. Алдымен қаланы аралаймыз, содан кейін қала сыртына - Қастек қалашығына, қорғандарға, Есік қаласына, т.б. нысандарға барамыз. Қазіргі заманғы қала бойынша шолу аз мерзімге келген туристерге арналған шолу, "Модернистік қала", ең танымал алматылық жұптар туралы "Үлкен шаһардағы махаббат" деген экскурсиялар бар. Сондай-ақ, кәріз құдықтары, зираттар бойынша экскурсиялар бар. Гастротурлар, велотурлар, шарап турлары бар - олардың барлығы жергілікті халықтың және туристердің арасында өте танымал", - деді бізбен ой бөліскен Евгения.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анастасия (@zveryagina_almaty)

Алматыда тоғыз жылдан бері тұрып жатқан америкалық Дэнис Кинның бірегей экскурсиялары жергілікті және байырғы алматылықтарды өз қаласына қайта ғашық болуға мәжбүр етеді. Оның айтуынша, Алматыда Бутаковка, ҮАК және Көктөбеден басқа Каменск үстіртіндегі тау бөктеріндегі саяжайлардан Шаңырақ жыраларына дейін, Кіші станицаның ескі жекежайларынан Самал шыңдарына дейінгі көптеген қызықты жерлер бар. Бірнеше жыл бойы Денис қаланың кеңестік кезеңіндегі монументалды өнердің суреттерін зерттеп, жинады. Ал өз сайтында ол Алматының ерекше түрлерінің бейнесін таңдап, жинақтады. Мысалы, балкондар, жертөле баспалдақтары, сәндік сылақтан жасалған қасбеттер, жарнамалық граффити, антенналар, арықтар. Бұл фотосуреттер арқылы Денис қалада бір қарағанда көрінгеннен әлдеқайда сұлу жерлердің көп екенін көрсетеді.


Сурет www.walkingalmaty.com сайтынан


Сурет www.walkingalmaty.com сайтынан


Сурет www.walkingalmaty.com сайтынан

Ол туристерге өзінің ерекше экскурсияларында бүкіл жергілікті ерекшелікті көрсетеді. Оның жаяу экскурсиясының құны - бір адамға 30 доллар (13 199 теңге). Туристерге экскурсияның бірнеше түрі ұсынылады: "Алтын шаршы", Кіші станица, Көк базар, Ғылым академиясы. Қосымша бес долларға (2 200 теңге) қонақүйден жеткізетін трансфер қызметін төлеуге болады.

Денистің сайтында Алматының жеті интерактивті картасы бар, оларды шетелдік азамат ұзақ зерттеулерден кейін өзі құрастырған. Мұнда, мысалы, Алматының "музыкалық картасы" бар. Онда Қазақстанның музыканттары мен композиторларының, шетелдік орындаушылардың құрметіне аталған көшелер, музыка қайраткерлеріне арналған бюсттер мен мүсіндер белгіленген. Егер сіз осы элементтердің кез келгенін бассаңыз, қысқаша био немесе YouTube бейнесін оқуға болатын терезе ашылады. Сіз кез келген уақытта онлайн режимінде карталарды тегін пайдалана аласыз.

Сондай-ақ "Қазақстан әйлдері" картасы қолжетімді, онда біртуар әйелдердің атымен аталған Алматы көшелері белгіленген. Алматыда патша дәуірі ғимараттарының картасы, "алтын алаң" ауданындағы тарихи ғимараттардың картасы, Алматы мұражайларының картасы, Алматыдағы кеңес зауыттарының картасы және қаладағы кеңес дәуіріндегі колхоздардың картасы бар.

Денистің тағы бір қызықты жобасы - Monumental Almaty, онда ол қызықты мозаикалармен, суреттермен, барельефтермен және витраждармен бөліседі. Денис жұмыстың көп бөлігін көшелермен жүріп өтіп, өз бетінше тапқанын атап өтті.


Сурет www.monumentalalmaty.com сайтынан

Ерекше орындар мен тарихты сүйетіндер автобуспен Таңбалы тас пен Үңгіртастағы ашық аспан астындағы мұражайға бара алады, ол жерде жартасқа салынған мыңдаған суреттер жинақталған. Адамдар тарихты сезіну үшін, тасқа қолы тисе, бойындағы дертінен айығады деген сеніммен әлемнің түкпір-түкпірінен ағылуда. Экскурсияның құны - бір адамға 40 доллар (17 609 теңге). Топтағы адамдардың саны алтаудан аспауы тиіс. Ұзақтығы - бес сағат. Бағаға гидтің қызметтері, көлік қызметтері және экологиялық алым кіреді. Сондай-ақ мұражайға кіру билеттеріне қосымша екі доллардан (880 теңге) төлеу қажет.

Егер сіз Алматыға алғаш рет келсеңіз және бірнеше сағат ішінде ең қызықты жерлерді көргіңіз келсе, турфирмалар қаламен және оның басты көрікті жерлерімен танысу үшін стандартты үш сағаттық немесе бір күндік экскурсияларды ұсынады. Мысалы, Алматыда немесе "Медеуде" автобуспен үш сағаттық экскурсия бар. Мұндай тур "алтын шаршыны", ескі қаланы, тарихи орталықты, Астана алаңын, Абай атындағы КазҰБОТ (ГАТОБ), Орталық стадионды, "Атакентті", Ботаникалық бақты, Республика алаңын қамтиды. Фотосессия жасау үшін екі рет аз уақытқа аялдайды. Барлық сапар бойына туристердің жеке таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде Алматының тарихы туралы танымдық әңгімелер айтылады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Azhar (@azharkhassenova)

Тағы бір экскурсия - "Медеуге" кабриолет-автобуспен бару. Ол Құрманғазы көшесінен жоғары, "Қазақстан" қонақүйіне қарсы жердегі Достық даңғылындағы аялдамадан басталады. Шағын саяхат қала, "Шымбұлақ", Іле Алатауының таулары туралы қызықты әңгімелермен жалғасады. "Медеуде" туристерді серуендеуге және фотосессияларға арналған тұрақ күтеді. Мұндай автобус экскурсияларының құны - бір адамға үш мың теңге. Бұл бағаға панорамалық шолуы бар экскурсиялық автобус-кабриолетпен қыдыру, аудиогид-жүйеге қосылуға арналған бір реттік құлаққаптар, туристің таңдауы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиогид кіреді.

Туристерге және Hop-On Hop-Off форматындағы автобус экскурсиялары да қолжетімді. Мұндай тұжырымдама әлемнің көптеген қалаларында жұмыс істейді. Турист бір-екі күнге жарамды билетті сатып алады. Маршрут бойынша жүріп, ол кез келген автобус аялдамасынан түсіп, көрікті жерлерді аралап, суретке түсіп, мұражайларға барып, кафеде тамақтана алады, содан кейін келесі автобуспен экскурсияны жалғастыра алады.

Алматыда Еуропаның көптеген қалаларында танымал болған халықаралық форматтағы "15:15 турлар" атты жаяу экскурсиялар да бар. Гидтер қала туралы нұсқаулықта жазылмаған қызықты, ерекше және пайдалы фактілерді айтады. Олар күн сайын сағат 15:15-те Вознесенск соборының негізгі кіреберісінен басталады, әрі қарай маршрут 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақпен, содан кейін Қазбек би көшесінің бойымен "Арасан" моншасына қарай, Жібек жолы көшесімен ARTиШОК театрына қарай жалғасып, Көк базарда аяқталады. Турдың ұзақтығы - шамамен екі сағат.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анастасия (@zveryagina_almaty)

Алматы бойынша бір күндік экскурсияға жаяу серуендеу мен автобуспен жүру кіреді. Мұндай сапар бір күннің ішінде Алматының тарихын жақынырақ білгісі, басты көрікті жерлерін аралағысы, тауға барғысы келетіндерге жарайды. Сапардың маршрутына 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа, Бас ботаникалық баққа, "Медеу" кешеніне және "Шымбұлақ" курортына бару кіреді. Орташа бағасы - бір адамға 12 мың теңге. Оған көлік, қазақ, орыс немесе ағылшын тілдеріндегі аудиогид және бір реттік құлаққап, серуендеу кезіндегі гид қызметтері, Ботаникалық баққа бару билеттерінің, екі жаққа да аспалы жол билеттерінің құны кіреді.

Сондай-ақ шетелдік қонақтарға көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысын, ұлттық ат ойындарын, ежелгі салт-жораларды тамашалап, ел тарихы туралы көбірек білу үшін Іле Алатауының тауларына этнотур ұсынылады. Ұзақтығы - жеті-сегіз сағат. Орташа құны - бір адамға 13 мың теңге. Құнына көлік қызметтері, гид қызметтері, этноауылға кіру, этноауылдағы ойын-сауық бағдарламасы кіреді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Психолог иктория ншакова (@anshakova.vv)

Алматы кеңестік, кейін Тәуелсіз Қазақстанның астанасы болды. Осының арқасында кеңестік және посткеңестік дәуірлердің трендтерінің ізі қалған өзіндік ерекше сәулеттік келбеті қалыптасты. Сондықтан Алматы сәулетіне арналған экскурсия қызығушылық тудыруы мүмкін. Тур қатысушыларына ХХ ғасырдың 30-90-жылдарындағы конструктивизмнен бастап қазіргі заманның постмодерніне дейінгі әртүрлі стильдегі ғимараттар: Чекистер қалашығы, Опера театры, "Алматы" қонақүйі, "Қазақстан" қонақүйі, Республика сарайы, Республика алаңы, Жамбыл, Абай ескерткіштері, Тәуелсіздік монументі көрсетіледі. Жеке экскурсияның бағасы - 20 доллар (8 804 теңге). Егер адам саны көбейсе, баға төмендейді. Мысалы, екі адам үшін - әрқайсысына 15 доллар (6 603 теңге), ал үш-бес адамнан тұратын топ үшін - 10 доллар (4 402 теңге). Топта ең көп дегенде бес адам болуы мүмкін. Саяхаттың ұзақтығы-үш сағат.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @shakirovaxph

Алматылық өнертанушы және өлкетанушы Анастасия Зверягина Instagram-да оңтүстік астананың түрлі ғимараттары туралы блог жүргізеді. Көптеген адамдар, тіпті жергілікті тұрғындардың өзі көп нәрсені осы жерден біліп жатқандарын мойындайды. Бойжеткен өзі өткізетін шағын экскурсиялар барысында Алматының 100 жыл бұрынғы тамаша атмосфераны сақтап қалған қызықты көне ғимараттар мен орындарын көрсетеді.

"Мен бұл экскурсияны "Верныйдан Верныйға дейін" деп атар едім. Біздің экскурсиямыз Құдай Анасының Қазан белгішесінің ғибадатханасынан басталады. Әрі қарай біз Верныйдағы бірінші дәріханаға барамыз. Жолшыбай Верный стиліндегі ескерткіштерді - ағаштан ойылған терезе жапқыштары бар үйлерді кездестіреміз. Дәріхананың артында әулие Вера, Надежда, Любовь пен олардың Софияның құрметіне салынған ең көне монастырь мен София соборын көруге болады. Собор мен монастырьдың артында казактардың мұражайы орналасқан", - дейді Анастасия.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анастасия (@zveryagina_almaty)

"Бұдан әрі біздің көз алдымызда ағаш сәулет өнерінің жауһары - "Қызыл таң" мата үйі тұрады. Пушкин көшесінен жоғары қарай бұрылғанда, Балалар қуыршақ театрына назар аударасыз, бір кездері мұнда Верныйдың қоғамдық жиналыс үйі болған. Театрдан жоғары, сол жақта әйелдер гимназиясы болады. Гимназиядан кейін 28 батыр - панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Вознесенск кафедралды соборына дейін барамыз. Біз экскурсиямызды "Төле би үйімен" аяқтаймыз, оны "Төле бидің қызғылт үйі" деп те атайды", - дейді ол.

Іле Алатауының тау шатқалдары бойынша бір күндік сапарда ең әдемі жерлерді көруге болады. Туристерге Есік қаласындағы мұражай-қорық пен сақ қорғандарын, Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жастық бұлағын, Түрген шатқалындағы Аюлы сарқырамасын, Есік шатқалындағы биік таулы Есік көлін тамашалау ұсынылады. Саяхаттың орташа құны - бір орынға 11 мың теңге. Оған көлік, гид қызметтері, кіру билеттері және Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экоалым кіреді. Айта кету керек, турлардың бағдарламасы, кестесі және бағасы туроператордың шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін. Турды сатып алмас бұрын туристік компаниядан анық және өзекті ақпаратты нақтылап алу қажет.

Туризм саласындағы сарапшы, туризм жөніндегі докторант, консалтингтік фирманың директоры Еркін Тикенов қалада алғаш келгендерге Алматыда лайықты экскурсияларды қалай таңдауға болатыны туралы бірнеше кеңес береді.

"Әдетте ең алдымен, қайда бару керектігін және не көргісі келетінін анықтап, шешіп алады. Содан кейін әлеуметтік желілердегі достары мен туыстарынан кеңес сұрайды. Екіншісі - өзекті экскурсияларды немесе гидтерді табу, табылған беттердің мазмұны мен белсенділігін бағалау үшін "Алматыдағы турлар" сияқты хэштегтерді қарау. Таңдау аясын тарылту үшін пікірлерді оқиды. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі топтарды, қауымдастықтарды тауып алып, олардың ұсыныстарымен танысуға болады.

Алматыда сапар орталығы бар, ол жерде де өз нұсқаларын айтып, ұсынады. Іздеу жүйесінде көбінесе ілгерілету ақысы төленген, жарнамалық мақсаттағы нұсқалар ғана бар. Алайда бұл әрдайым ең жақсы нұсқа дегенді білдірмейді. Сондықтан ең маңыздысы - пікірлерді оқу, салыстыру және әрине, жазып, қоңырау шалу. Біздің әрқайсымыз Өздеріне, қонақтарына немесе туыстарына жақсы әсер сыйлайтын саяхат іздеген кезде әр адам осындай қиындықтарға кездеседі.

Өкінішке орай, бізде барлық турлар мен белсенділерді, пайдаланушылардың бағасы мен салыстыруын көруге мүмкіндік беретін бірыңғай үлкен маркетплейс жоқ. Бірақ бұл жақсы ойыншылар жоқ дегенді білдірмейді", - дейді "Туризм технологиялары" тревел-қауымдастығының негізін қалаушы Еркін Тикенов.

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің қалаған нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Әуе және теміржол билеттерін сатып алуға болатын "Авиата" қосымшасын мына сілтеме бойынша жүктеуге болады.

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная