"Эйр Астананың" баспасөз қызметі өкілдері ұшқыш маскасыз жолаушыларға Алматыдан Нұр-Сұлтанға жаяу баруды ұсынатын бейнероликке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Кадрда бортсеріктердің ұшуға қалай дайындалып жатқанын көрсетеді. Осы уақытта экипаж командирі жолаушыларға қалжыңдап хабарлама жасайды:
"Сіздердің жолыңыз болды. Біздің әуекомпания Алматыдан Нұрсұлтан Назарбаевқа жаяу тегін саяхат ұйымдастырып жатыр. Кім маскасыз отырса, жаяу жетеді. Қазір біздің бортсеріктеріміз салонды аралап, жеңімпаздарды табады. Сондықтан ұялмай, маска тағып, астанаға ұшамыз, түсінгеніңіз үшін рақмет".
"Эйр Астананың" баспасөз қызметі видеоның әуекомпания ұшағында түсірілгенін растады. Компания өкілдері маска режимін бұзу бірнеше рет тіркелгенін айтты. 2021 жылы 58 жолаушыға 30 АЕК (өткен жылдың көрсеткіші бойынша 87 510 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, экипаж санитарлық-эпидемиологиялық талапты орындамағандарға қатысты белгілі бір алгоритмді ұстанады:
"Бортсеріктер алдымен тәртіп бұзушыға ауызша ескерту жасайды. Маска режимі туралы талапты сақтаудан бас тартқан жағдайда тағы бір ауызша ескерту жасалады, содан кейін жазбаша ескерту хаты беріледі. Егер аталған барлық шарадан кейін жолаушы әлі де бетперде киюден бас тартса, құқықбұзушы одан ары әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына беріледі", - деп түсіндірді "Эйр Астананың" баспасөз қызметі.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!