Алматыда жаңа теміржол вокзалы бой көтереді

Алматыда үшінші теміржол вокзалының құрылысы басталады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыда үшінші теміржол вокзалының жобасы таныстырылды.

Бұл жоба бұрын жарияланған бірқатар құжатта, соның ішінде Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілген.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алатау ауданындағы Алматы-3 вокзалының құрылысы агломерацияны дамыту жөніндегі жобалар кешеніне кіреді. Жаңа теміржол платформасы жүк және жолаушылар легінің бір бөлігін қайта бағдарлауға, сонымен қатар, айналымға қосымша жолаушылар пойыздарын қосуға мүмкіндік береді. Соның есебінен қалалық автожол инфрақұрылымының жүктемесі азаяды.

"Жаңа теміржол платформасын салуға арналған аумақ "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ-ға тиесілі магистральдық желіде орналасқан. Вокзал Мәдениет шағын ауданы маңында салынады. Платформаны "Қазақстан темір жолы" салады. Біздің басты міндетіміз – ЕТЖ-да вокзал мен вокзал маңындағы алаңды қамтамасыз ету болды. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Біз оның мерзімін 2026-2027 жылдар деп қарастырып отырмыз", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!