Алматы облысы бойынша мерекелік турлар: Наурызды керемет өткізудің бірден-бір жолы

Қазақстанда үлкен де, кіші де сүйетін шығыстың Жаңа жылы - Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде жыл сайын тойланады. Күн мен түннің теңескен әдемі шағында қала тұрғындары отбасымен алаңға шығып серуендейді, ән мен күй ойнап, киіз үйлер құрылып, ұлттық тағамдар ұсынылады. 2022 жылы мереке күндері 5 күнге созылған уақытта, бұл - Наурыз мейрамын тойлаудың жалғыз жолы емес, әрине.

2022 жылдың Наурыз мейрамын әдемі өткізіп, есте қалдырудың бір жолы - Алматы облысының әсем табиғаты аясында, ата-баба рухын еске алып, таза ауада қарсы алу. Біздің аймақта демалыс орындары жетерлік, оларға арнайы бір күнді, не бірнеше тәулікті құрайтын турлар арқылы барған қолайлы. Сонымен, Алматы облысының Туристік ақпараттық орталығы ең жақсы демалыс орындары ретінде ұсынған орындар жайлы баяндаймыз.

Наурыз мейрамында танымдық және мәдени іс-шараларды спорттық туризммен біріктірген дұрыс. Мысалы, рафтинг - шығыстан батысқа қарай ағатын, бастауын Қытайдан алатын Жетісудың ең ірі өзені Іленің төменгі ағысымен арнайы үрлемелі қайықтарда жүзу. 15 жылдан астам RaftService туристік агенттігі өз тұтынушыларына рафтинг, кемпинг, шанамен серуендеу, экскурсиялар және жаяу турлар сияқты демалыс түрлерін ұсынып келеді.

"Біз Наурыз мерекесін Іле өзенінде белсенді, әрі көңілді тойлауды ұсынамыз! Ауа райы күн ашық болады деп көрсетуде. 19 наурыз бен 22 наурыз аралығында өзіңізге ыңғайлы кез келген күнді таңдап, орындарыңызды алдын ала брондаңыз", - делінген агенттік әлеуметтік желілерінде. Әрбір рафтингке қатысушыға Іленің гүлденген даласы, шыбын-шіркейсіз, таза ауа мен мөлдір су бойында серуендеу ұсынылады. Жол-жөнекей көптеген қызықты жерлер отбасына айтарлықтай қызығушылық тудырады, ал турдың құнына стартқа шағын автобустармен жеткізу, нұсқаушымен бірге жүру, Көшпенділер сарайындағы түскі ас және бөтелкедегі су кіреді.

Сондай-ақ, Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарын бұдан да әсерлі мерекелік шара күтіп тұр, ол - 22 наурыз күні Лабасы тауының етегінде, Көксу ауданында жүлде қоры 2,5 миллион теңгені құрайтын көкпар жарысы. Көкпар - Орта Азия халықтары арасында кең тараған ат спортының көне түрі.

Байқауды ұйымдастырушылар Мәмбет, Талапты, Жамбыл және Еңбекші ауылдарының тұрғындары бәйге түрлерінің ішінде алыс қашықтыққа бәйге жарысы, екі жасар сәйгүліктердің бәйгесі, сондай-ақ, ат бәйгелері болады деп уәде беріп отыр. Сонымен қатар, арқан тартысу, қошқар мен кір тасын көтеру, ұлттық қазақ күресінен жарыстар өткізіледі.

Елестетіп көріңізші, көкпар, бәйге, қыз қуу және теңге алу ұлттық ойындары облыстың ең бір әсем жерінде өткізілмек. Лабасы тауы Көксу өзенінің сол жағалауында орналасқан. Наурызда төбелер мен аңғарлар көк шөппен көмкеріліп, құстар сайрап, ауасы да небір жұпар иіске толады.

Тынық судағы рафтинг немесе ат жарысы сіз үшін тым экстремалды көрінсе, онда облыстың мәдени этно-орталықтарына барыңыз. Осылайша, "Ғұндар" этнографиялық ауылы салт-дәстүр мен көшпенділердің ұлттық тағамдарына қызығатындарға Наурыз мейрамын тойлауға бауырсақ, самса, наурыз көже, палау, қуырдақ және отқа қайнаған шай ұсынады.

Ауыл қонақтарына ұлттық ойындар, киіз үй құру және нан пісіру наубайханасы, атқа міну, садақ ату, сондай-ақ, аттылы шоу, "Арқайым" фольклорлық ансамблі қойылымы, "Медет пен Айсұлудың махаббаты туралы аңыз" қойылымы көрсетіледі.

Наурыз мейрамының есте қалар бөлігінің бірі - "Сарбаз рухы" тарихи-патриоттық клубының атпен өнер көрсетуі. Бұл - Қазақстандағы алғашқы тарихи-патриоттық клуб. Мұнда атқа міну шеберлері, каскадерлер жұмыс істейді, театрландырылған ат қойылымдары дайындалады, олар садақ атуды, семсерлесуді үйретеді, күрделі трюктарды орындайды.

Клубта тарихи фильмдер мен телехикаялардың түсіріліміне арналған кастингтер жиі өткізіледі. Клуб басшылығының айтуынша, кастингтердің басты мақсаты - дарынды жастардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру, садақ ату, қоян-қолтық ұрыс өнерін меңгеру, ең бастысы, күрделі трюктерді орындауда, тайталас кезінде ер-тоқыммен жұмыс істеу техникасын меңгерту.


Материал Алматы облыстық ТАО қолдауымен әзірленді