Алматы әуежайындағы рейстер неліктен кешіккені түсіндірілді

Алматы әуежайының жолаушылары рейстердің ұзақ кешіккеніне шағымданды. Атап айтқанда, "Алматы-Астана" рейсінің жолаушылары бірнеше сағат бойы әуеайлағынан ұшып кете алмаған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Редакцияның WhatsApp нөміріне оқырман хабарласып, Air Astana әуекомпаниясының "Алматы-Астана" бағытындағы КС-641 рейсінің ұзақ кешіккеніне шағымданды.

Жолаушының сөзінше, сағат 13:50-де ұшатын рейс бір жарым сағатқа ауыстырылған. Алайда ұшу кестесіне өзгерістер енгізілгені көпшілікке хабарланбаған. Жолаушылар әуежай қызметкерлеріне жүгінген кезде ғана ұшу уақытының өзгергенінен хабардар болған.

Оқырман атап өткендей, рейстер туралы ақпарат тақтасында гейт жабылды деп қана жазылған, бірақ кешіктірілгені көрсетілмеген. Сонымен қатар ол қазіргі уақытта рейстер кешігіп ұшып жатқанын атап өтті.

Фото: Оқырманның мұрағатынан

Расында да, әуежайдың онлайн-таблосы рейстердің кешігу статусын көрсетіп тұрған жоқ. Бірақ Астана бағытындағы рейс сағат 13:50-де ұшып кетуі тиіс болған. Сонымен қатар таблодан Қостанай мен Ханчжоу Сяошаньға ұшатын рейстер кешіктірілгенін байқауға болады.

Фото: Оқырманның мұрағатынан

Tengritravel.kz тілшісі әуекомпанияға хабарласып, не себепті халықаралық әуежайда ұшақтар кешіккенін сұрады. Өз кезегінде Air Astana компаниясы "рейстер Алматыдағы ауқымды іс-шараларға байланысты" кешіктірілгенін мәлім етті.

"Рейс шамамен 16:30-да ұшады деп жоспарланған. Рейстің мәртебесін әуекомпания сайтындағы "ақпарат" бөлімінен білуге болады, - деп атап өтті әуетасымалдаушы.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!