Ақтауда жартасты соқпақ опырылып түсті. Әкімдік не дейді?

Ақтау қаласы әкімдігі жартасты соқпақ жергілікті халықтың өміріне қауіп төндірмейтінін мәлім еткен, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір күн бұрын Ақтаудағы жартаста тастар құлады. Қалалық әкімшіліктің мәліметінше, оқыс оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.

Жартасты соқпақ қалалық әкімдіктің балансында екенін айта кету керек. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер жартасты соқпақты абаттандыру және күтіп ұстау жұмыстарына жауапты мердігер әлі анықталмағанын хабарлады.

"Желтоқсан айының соңында қаланы және жартасты соқпақты абаттандыру мақсатында конкурс жарияланды. Бірақ ішкі мемлекеттік аудит департаменті қарсылық танытқаннан кейін конкурс өткізілмеді. Осы айда ашық конкурс өтеді деп жоспарланған. Техникалық тапсырмаға сәйкес, мердігер ұйым қаланы абаттандырумен қатар, жартасты жөндеумен айналысатын болады", - деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақтияр Мақсатов.

Бақтияр Мақсатовтың айтуынша, мердігер тротуар жолдарының жай-күйін, жарықтандыруды қадағалауы тиіс. Сондай-ақ жартасты тексеретін мамандандырылған ұйыммен шарт жасасуы тиіс.

"Тастың құлауына байланысты қауіпті учаскелерді анықтап, осы жерлерде қоршау орнату қажет. Жартасты соқпақ қала тұрғындарына қауіп төндіреді деп санамаймыз. Мердігер ұйым қауіпсіздікті бақылау және қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алады. Қауіпті учаскелерді тормен қоршау мәселесі қарастырылады", - деп атап өтті Мақсатов.

Еске салсақ, бүгін әлеуметтік желілерде Ақтауда жартасты соқпақта тастың құлағаны бейнеленген видео таралып жатыр.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!