Ақтау тұрғынына ұшақтағы әрекеті үшін төрт хаттама толтырылды

Әуекемесі экипажы мен полицейлердің талаптарына бағынбаған масаң күйдегі 24 жастағы ақтаулық азаматқа әкімшілік айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтау қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне Air Astana әуекомпаниясының өкілінен Алматы-Ақтау бағытындағы әуе рейсінің деструктивті жолаушысына қатысты шара қолдану туралы хабарлама келіп түскен.

"Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтау қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтады. Өтініш берушілердің айтуынша, алкогольдік ішімдік ішкен ер адам өзін дөрекі ұстап, экипаж қызметкерлерін балағаттаған, тіпті, ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған", - дейді Көліктегі полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев.

Малыбаевтың айтуынша, құқықбұзушы полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ЖПб қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Осылайша, аталған азаматқа мынадай баптар бойынша әкімшілік хаттама толтырылды:

  • алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу
  • ұсақ бұзақылық
  • әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу
  • құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау

Ер адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

"Ұсақ бұзақылық және полиция қызметкерінің заңды өкіміне бағынбау бойынша әкімшілік материал процессуалдық шешімін қабылдау үшін Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды", - деп түйіндеді сөзін ведомства басшысы.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!