Ақмешіт: Қазақстанның ең жұмбақ үңгірі

Бәйдібек ойпаңы немесе Ақмешіт үңгірі Қазақстандағы ең жұмбақ жерлердің бірі болып саналады. Ол Шымкенттен 80 шақырым жерде орналасқан, бірақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен туристерді қызықтырмай қоймайды. Kaz.tengritravel.kz порталы Түркістан облысының ерекше табиғи кереметі туралы баяндап береді.

Үңгір қай кезде пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Миллиондаған жылдар бойы ол жабық болған, жер бетімен байланысы болмаған. Тек ХХ ғасырда ғана үстіңгі бөлігі құлап, қазіргі адамдардың ішіне кіруіне мүмкіндік туған.

Ақмешіт жиі туристерге баруға кеңес беретін Қазақстанның 10 кереметінің бірі саналады. "Туған жер: Қазақстанның ұлы мұрасы" жобасы үңгірге қайталанбас пейзаждарын суретке түсіруге және аңыздарды тыңдауға келді.

Бір аңыз бойынша, біздің гид осы үңгірде үлкен және зұлым айдаһар көптеген жылдар бойы өмір сүргені туралы айтады. Ол жергілікті тұрғындарға кесірін тигізіп, олардың малдарын жалмады. Айдаһар ұшып бара жатып, қойманың бір бөлігін қанаттарымен қағып құлатқан екен. Оның жойқын әрекеттеріне Сүлеймен пайғамбар тосқауыл қояды. Ол құбыжықты шынжырлаған. Гид бізге осы айдаһардың ұйықтап жатқан жерін - күн сәулесі түсетін үңгірдің дәл ортасын көрсетті.

Бұдан кейін не болғанын - ешкім білмейді. Әрине, бұл әдемі аңыз. Тек соның арқасында көптеген қытайлық туристер қазіргі Түркістан облысына келе бастады. Айдаһар олардың ұлттық нышаны болып саналатындықтан қызығушылық танытқандары анық. ЭКСПО кезінде гидтердің айтуынша, мұнда Қытайдан 19 туристік топ келген.

Ал, мына қазақ батырының жоңғарлармен шайқасына қатысты аңыз шындыққа жанасымды көрінеді. Бірде, батыр Есіркеп Қойкелді жоңғарға қарсы жорыққа аттанғанда, кенеттен нөсер жаңбыр жауып кетеді. Жауынгерлер белгісіз үңгірдің ішінде қолайсыз ауа-райы аяқталғанша күтуге шешім қабылдайды. Аңыз бойынша, олар жайғасып қана қоймай, таң намазын да бір қатарда тұрып оқиды. Онда 10 мыңнан аса адам болған. Біреулері үңгірді Есіркеп Қойкелдінің есімімен атауды ұсынады. Оған батырдың өзі наразылық білдіріп: "Бұл қасиетті Қаратау тауының сыйы. Ол біздің 10 000 мыңға жуық әскерімізді ғана емес, сонымен бірге жылқыларды да қорғады. Біз мұнда таң намазын оқи алдық, және тастар айналаны жарықтандырды. Бұл тегін жер емес, бұл жердің атауы - Ақмешіт болсын деді. Жаңбыр тоқтаған соң, әскер жауды тосып, жоңғарларды ойсырата жеңеді. Осы шайқаста көп қан төгіліп, жер шөгіп, сол түске айналады. Сондықтан сол аймақ Қызылқақ (Қызыл) деп атала бастады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер мен балалар осында жасырынған дейді. Бұл үңгір көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды.

Алайда, қазақ халқында үңгірге қатысты аңыз-әңгімелер ежелден бері бар. Тек жер асты түнелдері арқылы кіретін, сырт жағынан кіре алмайтын үңгір жайлы әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа тарап келеді. Ішінде ғажайыпқа толы мешіт те бар. Уақыт өте келе жер асты өткелдері құлап, мешіт бос қалған.
Өткен ғасырда үстіңгі бөлігі құлап қалған жерасты мешіті қайта ашылып, баспалдақпен жабдықталған, енді кез-келген адам намаз оқып, Алла Тағаладан көмек сұрай алады. Бәрінен бұрын келетіндер - бала сұрағандар мен ауруынан емделгісі келетін жандар. Олар үңгірдің ішіне көтеріліп, бірнеше сағат сонда жүретін болған.

Үңгірдің ішінде намаз оқуға қолайлы орындар бар. Кілем мен көрпе төселген тапшан да бар.

Ақмешіттің қасиетт жер екенін биолокациялық зерттеулер де дәлелдейді. Үңгірдің ішінде қазіргі зерттеушілер адам ағзасына зиян келтіретін белгілерді таба алмады, керісінше, үңгір барлық негативтерді өзіне тартып алып, адамдарды жамандықтан тазартады. Үңгірдің ұзындығы - 200 метр, биіктігі - 25, ені - 65 метр. Бұл өзінің ауқымымен ғана емес, сонымен қатар таңғажайып дизайнымен де ерекше. Іші өте әдемі.

Тек үңгірді сыртқы әлемнен бөліп тұрған кішкене тесік бар. Бірақ үңгірдің ішіндегі және сыртындағы әлемнің айырмашылығы өте зор! Сыртында бірде-бір ағаш жоқ, ал іші жасыл оазис! Мұнда тұт пен қарағай ағаштары өскен. Бір таңғаларлығы, біз келген кезде сыртта 40 градустан жоғары температура болса, ішінде 17-19 градус салқын болды. Үңгірде құстар да мекендейді. Көп туристер құстардың әнін тыңдап, бірнеше сағат отырады. Қабырғалардан үнемі су сылдырап ағып тұрады.

Бұл шөлді аймақта судың қайдан шыққанын ешкім білмейді. Көп адамдар сылдыраған судан бір тамшы болсын, ұстап алуға тырысады. Суды "Ақ-Моланың көз жасы" дейді. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, егер сіз үңгірдің дәл ортасында тұрып, тілек тілеп, сол кезде сіздің басыңызға бір тамшы су ағып түссе, онда сіздің тілегіңіз міндетті түрде орындалады деген де сенім бар екен. Алайда, тамшы түспесе де - маңызды емес. Сонымен қатар, үңгірдің сыртына тастарды жинап тұрғызып, тілек тілеуге де болады екен. Міндетті түрде орындалады дейді.

Ақмешіт үңгірі - Түркістан облысының ең танымал көрікті жерлерінің бірі. Осы жерасты мешітімен бірге туристер жол бойында орналасқан Домалақ ана, Бәйдібек ата және Қос ана кесенелеріне бара алады. Сапар ересектер үшін 3 мың теңге, балалар, студенттер мен қарт азаматтар үшін 2,5 мың теңге тұрады. Бұл сомаға тасымалдау, тамақтану, сүйемелдеу, фотосурет және серуендеуге арналған таяқшалар кіреді. Шынында да, бұл асықпай аралайтын ғажайып жер.

Мәтін авторы - МадинаАшилова
Фотоға түсірген - Әлібек Бегалинов