Қазақстандық тау туризмі мен спортты насихаттауға арналған Almaty MountFest халықаралық фестивалінде алты мыңнан астам адам күтілуде, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Almaty Mount Fest фестивалі Алматыда төртінші мәрте 2-5 қыркүйек аралығында өтеді. Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар негізінен биік таулы "Медеу" және "Шымбұлақ" курорттарында өтеді.
"Алматы ашық ауада демалуды қалайтын әуесқойлар үшін тартымды орын болып саналады. Алматы шетелдік келушілерді орналастыру орындарына тіркеу бойынша жетекші қалалардың үштігіне кіреді", - деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марлен Маралов баспасөз конференциясында.
Ұйымдастырушыларының айтуынша, фестивальдің барлық күнінде 6 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.
"Қала әкімдігімен бірлесіп, біз шынығу дайындығының түрлі деңгейін ескере отырып, белсенді демалыс әуесқойларынан кәсіби спортшыларға дейін қарастыратын арнайы бағдарлама әзірледік. Ниет білдірушілердің барлығын осынау жарқын қалалық мерекеге келуге шақырамыз", - деді баспасөз конферециясында "Шымбұлақ" тау курортының директоры Ринат Әбдірахманов.
Қатысушыларды тіркеу 2022 жылдың 9 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында жалғасады. Фестивальге www.mountfest.kz арнайы сайтында тіркелуге болады.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!