90 жыл бұрын Астана әуежайы қандай болған?

1 желтоқсанда "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-ның құрылғанына 91 жыл толды. Осы күнге орай елордалық әуежай өткен жылы мерекелік күнге арнайы жарияланған фотоальбомға енген қызықты мұрағаттық фотосуреттерді көрсетті, - деп хабарлайды kaz.tengritravel.kz тілшісі әуежай баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1930 жылы Ақмола қаласынан үш шақырым жерде әуежай салынды. Оның аумағында ұшақтардың ұшуы мен қонуына арналған алаң, саман станциясы, ұшқыштар үйі, жертөледегі бензин қоймасы, сондай-ақ май жылытқыш болды.

1931 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Семей мен Ақмола арасында тұрақты әуе қатынасы басталды. Дәл осы күннен әуежайдың тарихы бастау алды.

Бүгінде халықаралық әуежай елдегі ең ірі әуежайлардың бірі болып табылады. Астананың әуе айлағы Орталық Азия елдерінің ең көп жұмыс істейтін әуежайлар арасында екінші орында, сонымен қатар посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-орында.

Әуежай негізгі отандық және бірқатар шетелдік әуекомпаниялар үшін базалық әуежай болып есептеледі. Барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Жақын арада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ТМД және Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең үздік жолаушылар және жүк аэрохабына айналуды көздеп отыр. Даму жоспарына сәйкес мультимодальды жүк және жолаушылар тасымалы орталығын, әуекемелеріне техникалық қызмет көрсету орталығын, E-commerce қызмет көрсету орталығын және еркін сауда аймағын құру жоспарланып отыр.

2050 жылға қарай әуежай Атланта, Нью-Йорк және Франкфурт әуежайлары сияқты аэротрополиске айналады.