"500 шағым мен таксиге 800 доллар". Үкімет басшысы туризм жағдайын сынға алды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов туризм саласындағы қазіргі жағдай туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Үкімет сайтына сілтеме жасап.

Туризмнің экономикаға әсері

Премьер-Министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді.

"Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды. Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік Tax free тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді", - деді Үкімет басшысы.

Пандемиядан кейін шекараның ашылуы елдегі туризмнің дамуына әсер берді.

"Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салық көлемі 390 миллиард теңгеден асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді", - деді Әлихан Смайылов.

Сын

Жыл сайын жағажайлар мен туристік зоналардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағымдар мен өтініштер келіп түсті.

"Қазақстандық такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар", - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.

"Біздің міндетіміз - барлық өңірде инфрақұрылымның, логистиканың, сервистің сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-орыннан төмен болмауы тиіс", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға баратын жолдарды жөндеу және салу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ол сондай-ақ қызметтерге тарифтерді көрсете отырып және туристік объектілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, барлық қазақстандық объектілер бойынша буклеттер, жолсілтемелер мен карталарды басып шығаруға және таратуға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!