Қазақстан Шри-Ланкаға баратын туристер саны бойынша үздік 15 елдің қатарына кірді. Бұл туралы Шри-Ланканың туризмді дамыту басқарамасының сайтында (SLTDA) жарияланды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
2022 жылы 1 қаңтар мен 15 қараша аралығында Шри-Ланкаға 7 739 турист Қазақстаннан барған. Осы көрсеткішпен біздің еліміз Израиль, Чехия, Дания, Италияны озды. Рейтингтің басына Үндістан жайғасты - 99 891 турист, Ұлыбритания (75 059), Ресей (64 190) және Германия (47 313 турист).
Жалпы 10,5 айда барлығы 595 471 турист келген.
Қарашаның 1-15 аралығында көшбасшы ауысып, ресейліктер бірінші орынға шықты. Аралдардан тұратын мемлекетке жарты айда 6,7 мың ресейлік барған. Екінші орында Үндістан - 4,4 мың саяхатшы. Үздік үштікте Ұлыбритания - 2,2 мың демалушы.
Айта кетейік, былтыр наурызда, пандемия кезінде Қазақстан Шри-Ланкаға барушы туристер рейтінгінде көш бастаған еді.