2022 жылы Қазақстаннан қанша адам кеткен?

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылғы қаңтар мен қазандағы демографиялық ахуал туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде қаңтар мен қазан аралығында елге келгендер саны 12 926 адам болған, елден кеткендер саны - 21 875 адам, көші-қон сальдосы - 8 949 адам", - делінген хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 85 пайыз, кеткендердің үлесі мигранттардың жалпы санының 84,4 пайызы болады.

Ел шегінде қоныс аударатын мигранттар саны 3,2 пайызға артқан: Алматы - 30 388 адам, Астана - 29 086 адам және Шымкент - 2311 адам.

Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес республика халқының саны 19 715,2 мың адам болған, оның ішінде қалада 12 169,1 мың (61,7 пайыз), ауылда 7 546,1 мың (38,3 пайыз) адам. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 212 мың адамға немесе 1,1 пайызға өскен.

"Биыл қаңтар-қазанда дүниеге келгендер саны 333,1 мың адам болды, бұл былтырмен салыстырғанда 11,4 пайызға аз, яғни 375,9 мың адам. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 20,37 болып отыр", - делінген хабарламада.

Ал қайтыс болғандар саны 112,1 мың адам болған, былтырға қарағанда 27 пайызға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 6,86.

Биылғы қаңтар мен қазан аралығында республикада бір жасқа дейінгі 2 684 сәби қайтыс болды. Былтырмен салыстырғанда нәресте өлімі 11,1 пайызға төмендеді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!