Мальта

ПОДЕЛИТЬСЯ

© pixabay.com © pixabay.com

Қысқаша мәлімет


Иконка комментария блок соц сети

Қысқаша мәлімет

Орналасуы: Жерорта теңізінде Мальта архипелагында орналасқан мемлекет
Астанасы: Валлетта
Ірі қалалары: Валлетта, Мдина, Слима, Сент-Джулиас, Пачвиль, Масрсаскала
Жер көлемі: 316 шаршы шақырым
Телефон коды: +356
Қазақстанмен уақыт айырмашылығы: -4 сағат
Сағаттық белдеуі: (GMT+1)
Виза: Шенген
Тілі: мальта, ағылшын
Валютасы: еуро
Халқы: 2019 жылы 493 559 адам
Діни сенімдері: римдік католик
Жол қозғалысы: сол жақты қозғалыс
Тоқ көзінің түрі: G. 230/240 В, 50 Гц

Мальта географиясы мен климаты

Мальта архипелагы, ең алдымен, Мальта мен Гозо аралдарын құрайды. Оған сонымен бірге Әулие Павел және Фильфла, адамдар аз қоныстанған Комино аралдары, сондай-ақ ұсақ Коминотто мен Филфолетта аралдары кіреді. Мальтаның ұзындығы 27 км және ені 15 км. Гозо - екі есе кішкентай, ал Коминоның ұзындығы бар болғаны 2 км. Мальта - Еуропадағы тұрақты өзендер мен табиғи көлдері жоқ жалғыз ел. Ең биік нүктесі - Та-Дмейрек шыңы (теңіз деңгейінен 253 метр) - Мальта аралының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан.

Мальта климаты - Кёппен климаттар классификациясына сәйкес жерорта теңіздік. Қысы жұмсақ, жаңбырлы болып келеді. Орташа жылдық температура күндіз 23 градус, түнде 16 градусты құрайды. Ең суық ай - қаңтар, температура түнде 7-12 градус, күндіз 12-20 градус. Ең ыстық айы - тамыз, түнде 20-24 градус, күндіз 28-34 градус-қа дейін көтеріледі. Орташа салыстырмалы ылғалдылық 75,8 пайызды құрайды, шілдеде 65 пайыздан қыс айларында 80 пайызға дейін барады.

© pixabay.com

Мальта экономикасы

Мальта өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету және қаржылық қызметтер неғұрлым дамыған индустриалды ел болып саналады. Мальтадағы туризм негізгі қызмет түрі болып табылады. Жылына республикаға кем дегенде миллион турист келеді. Туристік және қонақүй кешендері белсенді дамуды жалғастыруда, арнайы сауықтыру орталықтары, сонымен қатар спа типіндегі қонақүйлер бар. Сонымен қатар, аралдың орналасуы жүзгіштерді белсенді дамытуға және оның аумағында түрлі халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Егер өндіріс туралы айтатын болсақ, онда оның негізін теңіз көлігі және кемелерді жөндеу қызметі құрайды. Осы қызмет саласынан түсетін табыс мемлекет экономикасын қалыптастырудың негізгі факторы болып табылады. Кеме жасау және кеме жөндеу саласында 50 000-нан аса адам жұмыс істейді.

Мальта өзінің теңіз көлігін жөндеумен және қызмет көрсетумен ғана емес, сонымен қатар шетелдік тапсырыстарды да орындайды. Индустриялық дамудың салыстырмалы түрде жаңа саласы - электроника. Алайда, ірі электроника компаниялары итальяндықтарға тиесілі.

Ауыл шаруашылығы елдің жалпы экономикасын қалыптастыруда рөлі төмен. Тамақ өнімдерінің барлығы көрші елдерден әкелінеді. Жері минералдарға аса бай емес. Агроөнеркәсіптік қызмет саласы үнемі субсидия алады, өйткені ол өзін ақтай алмайды.

Мальтадағы көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ел аумағы өте кішкентай және жер бедері қолайсыз болғандықтан, темір жолдар мүлдем тоқтап қалды. Оның орнына қазір автобустар елдің әр түкпірінен аз уақыт аралығында жеткізеді.

Бүгінгі таңда елдің сыртқы экономикасы өз аумағына шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған. Мальта әртүрлі минералдардың, машина жасау өнімдерінің, сондай-ақ тамақ өнімдерінің импортына өте тәуелді.

Спинола шығанағы, Сент-Джулианс сыртқы экономикалық байланыстары негізінен Еуропалық Одақ елдеріне бағытталған. Сонымен қатар, Мальта біраз уақыттан бері Америка Құрама Штаттарымен белсенді ынтымақтастықта келеді. Әдетте, электроника, тоқыма өнеркәсібі және кеме жасау экспортталады.

Мальта тарихы

Мальта архипелагы Еуропа, Азия мен Африканы жалғап жатқан сауда жолының бойында жатыр. Біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда Финикиялықтар мен гректер осы Жерорта теңізі аралдарына қоныстанды.

Ежелгі кезеңде және ерте орта ғасырларда Мальта бірнеше рет бір мемлекеттен екінші мемлекеттің қол астына өтіп, Карфагенге, Ежелгі Римге, Византия империясына, арабтарға, нормандықтарға және испандарға тиесілі болған.

1530 жылы Қасиетті Рим империясының билеушісі V Карл аралды ионнит-рыцарьларға сыйға тартты, сол кезден бастап Мальта ордені ретінде белгілі болған рыцарь-иониттер аралға ие болды. XVIII ғасырдың соңында Наполеонның әскерлері Мысырға қарай бет алғанда, жолда Мальтаға басып кірді, аралда сол кезден бастап католиктік тәртіптің билігі тоқтады. 1800 жылдың күзінде жағдай өзгерді, британдықтар арал мемлекетінің астанасына басып кірді. Олар Валлеттада Англияның туын көтерді. Мальта ағылшындардың колониясы болды және 1979 жылға дейін Ұлыбританияның әскери-теңіз базасы ретінде қызмет етті.

1964 жылы арал архипелагы тәуелсіздік алды, 10 жылдан кейін бұл жерде республика құрылды. 2004 жылдан бастап арал халқы Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі болды.

Қазақстандық туристер үшін Мальта несімен тартымды?

Мальта - өркениеттер тоғысындағы көркем аралдық мемлекет. Мыңдаған жылдар бойы сауда жолдары батыстан шығысқа, Еуропадан Африкаға дейін созылып жатты. Бұл жерге кім аяқ баспады десеңізші?! Мифтік Одиссей де, Наполеон да, Нельсон да болды. Бүгін де олардың ізімен заманауи қазына іздеушілер, яғни, мәдени, сәулет, демалыс іздеген саяхатшылар жыл сайын ағылып жатыр.

Мальтада қонақүйлер өте көп, бірақ таңдау жасауда мұқият болу қажет. Себебі, қонақүй қызметі бір-бірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін. Әрине, бес жұлдызды қонақүйлерде қызмет көрсету деңгейі өте жоғары, үш жұлдызды қонақүйлерде қалыс қалмайды. Сонымен қатар, бюджетті қарапайым қонақүйлердің де ішінде қызмет деңгейі кем түспейтін орын табуға болады. Кейбір қонақүйлерде жеке меншік жағажайы да болады, таңғы асы бірге немесе ас мәзіріне сай тамақтануға болады.

Бағасына келсек, жаз айларында Слимада хостелде түнеу бір күнге 25-60 еуроны құраса, Валлеттада үш жұлдызды қонақүйде түнеу 42-70 еуро, ал Сент-Джулианста бес жұлдызды қонақүйде түнеу бір күнге 180 еуро тұрады.

Мальтаға қалай жетуге болады?

Әуежай (Мальта халықаралық әуежайы) Мальта астанасы Валлеттадан (Валлетта) оңтүстік-шығысқа қарай 6 км жерде, Лука (Лука) және Гуджа (Гуджа) ауылдарының жанында орналасқан. Қазақстаннан Мальтаға чартерлік рейстер жоқ, Lufthansa (Франкфурт арқылы) тұрақты рейстері жұма күндерінен басқа күн сайын, Трансаэро (Домодедово арқылы) аптасына бір рет сенбіде, Turkish Airlines (Стамбул арқылы) бейсенбіде ұшады.

Мальтадағы көлік қозғалысы

Қала ішіндегі негізгі көлік - автобустар. Валлеттада №133 бағытты автобустар жүреді, себебі, мұндағы көшелер өте тар, сондықтан үлкен көлік жүре алмайды. Мдина қаласының маңын аралауға Melita Train туристік пойызына отырсаңыз болады, билет 4,50 еуро тұрады. Ал ең романтикалық күй сыйлайтын көлік - ат арбалар, олар көрікті жерлерді аралауға 30-50 еуро сұрайды.

Таксилерді арнайы көлік тұрағында, көшеде тоқтатуға немесе алдын-ала онлайн режимінде брондап, телефон арқылы және такси дүңгіршектерінен табуға болады. Жол жүру құны орта есеппен 3,50 еуро, маршруттың алғашқы 8 км , яғни әр шақырымға 1,40 еуро, содан кейін 1 еуро алады. Әуежайдан қала орталығына жеткізу шамамен 20 еуро тұрады.

© pixabay.com

Мальтада қайда баруға болады?

Кішігірім көлеміне қарамастан, Мальта мәдениеті мен тарихы жағынан ең құнды өңірлердің бірі болып табылады. Қазіргі Мальта территориясындағы ең алғашқы тарихи оқиғалар 7 мың жыл бұрын, аты аңызға айналған финикийлер Мальтада тұрған кезде орын алған. Елдің сәулет өнеріне араб дәуірі, итальяндық және британдық отарлау өз ізін қалдырды.

Мальта астанасы - мәдени маңызы зор Валлетта қаласы. Қала XVI ғасырда Сент-Джон орденінің рыцарьларымен қаланған және бүгінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Қала негізінен оңтүстік еуропалық стильдегі керемет сәулет ғимараттарынан және тастан соғылған тарихи ғимараттардан тұрады.

Республика көшесі алаңдарды кесіп өтіп, қаланы екіге бөледі. Көрнекті орындардың бірі - XVI ғасырда салынған Ұлы магистр сарайы орналасқан сарай алаңы. Онда әлемдегі ең үлкен коллекциялардың бірі бар қару-жарақ мұражайы орналасқан. Жинаққа Италия, Франция, Испания, Осман империясының қару-жарақтары енген.

Валлеттаның тағы бір көрнекті жері - XVI ғасырдағы Каса-Росса-Пиккола сарайы. Бүгінге дейін сарай ақсүйектер өкілдеріне тиесілі, онда елдің ең бай және зиялы отбасыларының бірі тұрады.

Мальтадағы тағы бір мәдени маңызды қала - Мдина. 4000 жылдық тарихы бар және қаланың негізін финикиялықтар қалаған. Қала арабтардың келуіне дейін гүлденді, олар оны Рабат және Мдина деп екіге бөлді. Бүгінгі таңда Мдинада тек 300-ге жуық тұрғын тұрады, алайда оның тарихи көрнекті жерлеріне жыл сайын көптеген туристер келеді.

Қаланың ең көрнекті ғимараттарының бірі - XVI ғасырда салынған Әулие Павел шіркеуі. Ғибадатхананың сәулеті ерекше, таңқаларлық суреттер мен гравюралар сақталған. Қалада Палаццо-Фальсон антикварлық мұражайы бар, онда кітаптардың және ежелгі қолжазбалардың, антикварлық жиһаздардың, қару-жарақтың, күмістің, суреттердің керемет жинағы бар.

Тағы бір ежелгі Мальта қаласы - Гозо аралында орналасқан Виктория. Қазіргі заманғы территориясында бірнеше ондаған жыл бұрын ежелгі римдіктер стратегиялық маңызды орынға айналған цитадель тұрғызды. Оның ішінде жер сілкінісі қиратқан басқа шіркеудің орнында салынған XVI ғасырдағы Санта Мария шіркеуі орналасқан. Қала оңтүстік еуропалық және неоклассикалық стильдегі керемет сәулетке ие. Викторияда қолөнер бұйымдары жинағы, ауылшаруашылық құралдары, темір ұстасы, діни атрибуттар мен әйгілі Мальта шілтері ұсынылған Ұлттық мұражайы бар.

Мальта асханасы

Мальта асханасында италиялық, грек, мавритандық, испаниялық дәстүрлер басым. Негізгі тағам компоненттері - мезгілдік жеміс-жидектер мен көкөністер, балық және теңіз өнімдері, дәнді дақылдар мен зәйтүн майы. Ас мәзірінде бұқтырылған және пешке пісірілген тағамдар жиі кездеседі. Итальяндық ас мәзірі бойынша көбінесе паста дайындалады. Пиццериялар ең көп шоғырланған, оларда дәстүрлі тағамдардың да дәмін татуға болады.

Жерорта теңіздік ас мәзірінің ерекшелігі - көкністерді көп қолдану. Ең көп таралған көкөністерге кәді, қызанақ, түсті қырыққабат, бұрыш, каштан және пияз.

Мальтаның дәстүрлі тағамдарын отбасылық таверналарда қыш ыдыста тапсырыс беруге болады. Жағалауда көптеген жаңа ауланған балықтан тағамдар даярлайтын мейрамханалар бар.

Валлеттада керемет ас мәзірі мен қызмет көрсету деңгейі жоғары қымбат мейрамханалар бар.
Фаст фуд орталығында немесе пиццерияда ас ішу 4-6 EUR, кафеде түстену - 15-25 EUR, мейрамханадағы түскі ас - бір адамға 45-50 EUR болады.

Мальтадағы қауіпсіздік

Мальта қауіпсіз елдердің қатарына жатады. Қылмыс деңгейі төмен, көшеде қыдыру қауіпсіз. Әрине, қалта ұрылары да жоқ емес, сондықтан құнды заттар мен құжаттарыңызды қонақүй сейфінде қалдырғаныңыз жөн. Көлігіңізді автотұрақта қалдырғаныңыз дұрыс, себебі, кейде көлік ұрлау да кездесіп қалады.

Сапар алдында дифтерия мен сіреспеге қарсы егу ұсынылады. Улы шаяндар аралда жиі кездеседі: еуропалық, мальталық және сары жерорта теңіздік. Туристік жерлерде олар өте сирек кездеседі, бірақ ауылдық жерлерде тастар мен жартастардан сақ болған жөн. Егер шаян шағып алған жағдайда тез арада жақын жердегі медициналық орталыққа бару керек: аллергиялық реакция ауыр болуы мүмкін.

Мальтадан қандай кәдесыйлар алуға болады?

Мальтадан әкелінетін ең жақсы кәдесый - бұл жергілікті қолөнершілер тоқыған шілтер. Бұл шілтерді тіпті ағылшын патшайымы Виктория көйлегін безендіруге тапсырыс береді екен. Сонымен қатар әдемі шыныдан жасалған бұйымдарды да әкеледі. Жақын адамдарыңызға кәдесый ретінде әдемі кішкентай ретро-автобус ойыншығын алсаңыз болады. Өзіңізге сыйлық ретінде әдемі әшекей бұйымдарын, Гозода ғасырлар бойы ешкі жүнінен тоқылатын бұйымдарды да алуға болады.

Дәмді кәдесый ретінде жабайы шөптерден жасалған балды, ешкі сүтінен жасалған ірімшік, теңіз тұзы, зәйтүн майын, лимон ликерін алуға болады.

Көптеген дүкендер 9:00-ден 13:00-ге дейін және 16:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Санаторийлердегі көптеген сауда нүктелері 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні әрқашан демалыс болғандықтан, көптеген дүкендер жабық болады, сіз тек арнайы дүкендерден ғана сауда жасай аласыз.

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная