Вьетнамда туристер мінген тікұшақ апатқа ұшырады

Вьетнамда бес адам мінген тікұшақ Куангнинь провинциясындағы Ха Лонг шығанағы маңында экскурсиялық рейс кезінде құлап, апатқа ұшырады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі E.VNexpress.net сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Bell 505 тікұшағы мемлекеттік Солтүстік Вьетнам тікұшақ компаниясына тиесілі. Апат кезінде ұшақ бортында ұшқыш пен төрт турист болған.

Басылым тікұшақ 10 минуттан 30 минутқа дейін құны 106 доллардан 303 долларға дейін болатын жоспарлы әуе турын жасағанын жазды. Куангнинь провинциясындағы Туан Чау аралынан 16:56-да көтеріліп, жергілікті уақыт бойынша 17:15-те радио сигналын жоғалтқан.

Сағат 19:18-де бір топ әскери қызметші фюзеляж бөліктерінің жанынан, апатқа ұшыраған тікұшақтан екі мәйіт тапты. Құтқарушылар қазір тағы үш адамды іздестіріп жатыр.

Тікұшақ 2018 жылы АҚШ-та құрастырылып, 2019 жылы Вьетнамға әкелінген.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!