Валенсияда акула ер адамға шабуыл жасады

Испанияның Валенсия провинциясы Олива муниципалитетінің жағажайында ер адамға акула шабуыл жасады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Ер адам, 17 тамызда суға тізеден кіріп тұрған кезде акуланың шабуылына тап болған екен. Бұл туралы Las Provincias хабарлап отыр.

Ер адамның сөзінше, жыртқыш балық аяғынан жылдам тістегені сонша, ол ештеңе істеп үлгермей де қалған. Тіпті ер адам не болғанын бастапқыда түсінбей де қалыпты. Ал аяғы қанап жатқанын көргенде алдымен өзгелерді шошытпау үшін суға арықарай кіріп, кейін медициналық пунктке өзі барған екен.

Дәрігерлер жарақатты таңып, сіреспеге қарсы екпе жасап берген. Кейін мамандар ер адамға шабуыл жасаған көгілдір акула екенін анықтаған. Осыдан кейін жағажай толықтай жабылды.

Зардап шеккен ер адам бұл жағдай оны еш қорқытпағанын айтады.

"Аяғым жазылған соң жағажайға қайта барамын", - дейді ол.

Көгілдір акула - балықтың осы түрінің ең көп таралғандарының бірі. Оның орташа ұзындығы - үш жарымнан - төрт метрге дейін барады. Орташа салмағы - 150 - 200 келі.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!