Ұшақта ойран салып, бортсерікті соққыға жыққан жолаушы видеоға түсіп қалған

Бангкок-Лондон бағытындағы Thai Airways ұшағының жолаушысы әуеге көтерілгенде дәретхананы қирата бастаған, онымен қоймай бортсерікке жұдырық ала жөнелген. Рейстегі оқыс оқиға видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Metro басылымына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, 35 жастағы ер адам дәретханаға кірген. Бір кезде кенеттен айқайлап, есікті бұза бастады. Басқа жолаушылар оны тыныштандыруға тырысты, бірақ бұзақы экипаж мүшесіне шабуыл жасады. Кадрларда оның экипаж мүшесін қатты ұрғанын байқауға болады. Кейін бортсерік жерге құлап түседі.

Борттағы адамдар өздерімен бірге балаларын алып, ұшақтың соңына қарай ығыса бастады.

Лондонға келген кезде бортты полиция қарсы алды. Ер адам қамауға алынды. Оған бортсерікті жарақаттады және ұшақтың қауіпсіздігіне қауіп төндірді деген айып тағылды.

Зардап шеккен экипаж мүшесі ауруханаға жеткізілді, оның жарақаттары ауыр болғанымен, өміріне еш қауіп төндірмеді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!