Әуежайдағы қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін Үндістанның IndiGo әуекомпаниясы 12 миллион рупий (65 миллион теңгеден аса) айыппұл арқалады. Мумбай әуежайында кешеуілдеген Гоа - Дели бағытындағы ұшақ жолаушылары ұшу-қону жолағына отырып алып тамақтанғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Ұшақтың жанында тамақтанған жолаушылардың видеосы әлеуметтік желіде жаппай тарала бастаған. Осыдан кейін федералды реттеуші орган әуекомпанияға айыппұл салып, оны өтеуге бір ай мерзім берді. Азаматтық авиациялық қауіпсіздік бюросы Мумбай әуежайына "ұшу-қону жолағындағы тәртіпті бұзғаны үшін" 6 миллион рупий (32 миллион теңгеден аса) айыппұл төлететін болды. Бюро мәлім еткендей, екі тарап та болған оқиға туралы дер кезінде хабарламағандықтан, бұл қосымша заңбұзушылық болып есептеледі.
In a #viralvideo, passengers of a #Delhi-bound #IndiGo flight diverted to Mumbai due to operational issues are seen eating and sitting on the airport tarmac at #Mumbai Airport. pic.twitter.com/a7fcsZlF1v
— Siraj Noorani (@sirajnoorani) January 15, 2024
Сонымен қатар Air India және SpiceJet әуекомпанияларының әрқайсысы 3 миллион рупий (15 000 000 теңгеден аса) айыппұл арқалады. Олар тұманды күн райына ұшақтарын жеткілікті дайындамағаны салдарынан рейстері кешіккені анықталды.
Жақында рейстері жаппай кешіккен Үндістан әуежайлары көпшіліктің назарына ілікті. Әуекомпаниялар тұман басқандықтан рейстері кешіктірілгенін айтып, ақталды. Жергілікті БАҚ хабарлағандай, 14 қаңтардан бастап 300-ден аса рейс тоқтатылып, 40 мыңнан аса жолаушы әуежайда күтуге мәжбүр болды. Орта есеппен ұшақтар бір сағаттан аса уақыт кешеуілдеген көрінеді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!