Ұлыбританияда мектеп оқушыларының көзінше ұшақ апатқа ұшыраған

Ұлыбританияның Даксфорд қаласындағы императорлық әскери мұражайдың аэродромында жеке ұшақ апатқа ұшырады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі The Telegraph басылымына сілтеме жасап.

26 наурыз күні түстен кейін болған оқиға видеоға түсіп қалған. Видеода лайнердің шөптің үстіне құлап, апатқа ұшырағанын көруге болады.

Дереккөздің хабарлауынша, оқиғаның бәрі мұражайға экскурсияға келген оқушылардың көз алдында болған. Куәгерлер жарылысты естігендерін және түтіндеп кеткенін айтты.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері, өрт сөндіру көліктері мен тікұшақ барды. Лайнердің бортында қанша адам болғаны және олардың қандай күйде екені белгісіз. Дегенмен апаттан кейін құтқарушылар бір адамға жасанды тыныс беріп жатқан көрінеді.

Ұшақ апатына байланысты мұражай 26 және 27 наурызда екі күнге жабылды. Болған оқиғаны тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!