"Тынысы жиілеп, аузынан қан аққан". Бангкоктан ұшқан жолаушы жұмбақ жағдайда қайтыс болды

63 жастағы жолаушы 8 ақпанда "Бангкок-Мюнхен" бағытындағы рейсте көз жұмды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Aviaincident Telegram арнасына сілтеме жасай отырып.

Порталдың мәліметіне сәйкес, Суварнабхуми халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Стюардесса жолаушыға түймедақ шайын әкеліп берген. Алайда оны ішпей жатып, ер адамның аузынан қан аралас қақырық түсе бастады. Содан кейін қан аузынан ғана емес, мұрнынан да кеткен. Салдарынан 63 жастағы германиялық көп қан жоғалтқан.

Жолаушылардың айтуынша, бұл "сұмдық жағдай" болды. Толассыз қанды көрген адамдар шошып, айқайлай бастаған.

Ұшқыштар дереу диспетчерлерге хабарласып, әуежайға кері қайтуға рұқсат алды. 2 сағат 27 минуттан кейін Lufthansa Airbus A380 ұшағы Бангкокқа оралды. Әуежайда науқас жолаушыны дәрігерлер бригадасынан құралған реанимациялық көлік күтіп тұрды. Алайда ер адамды құтқару мүмкін болмады.

Науқаспен бірге отырған адамдардың сөзінше, бортқа мінгеннен-ақ олар ер адамның өзін жайсыз сезінгенін байқаған. Себебі ер адамның тынысы жиілеп, жағдайы нашар көрінген.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!