Түріктің танымал лоукостері жүк салмағын үш келіге дейін қысқартты

Түркиялық әуетасымалдаушы - Pegasus лоукостері тарифтерін жаңартты. Олардың қатарына ең арзан тариф қосылды. Жаңа тарифке сәйкес жолаушылар тек үш келіге дейін жүк алып кіруге құқылы, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.

Компания сайтында сәрсенбіге қараған түнінен бастап тарифтердің төрт нұсқа көрсетіледі, олардың ең арзаны Light деп белгіленген.

"Осы тариф бойынша билеттерді сатып алған жолаушылар көлемді қол жүгін немесе багажды алып кіре алмайды. Өзіңізбен бірге орындықтың астына сиятын, салмағы үш келіге дейін, көлемі 40х30х15 сөмкені ғана ала аласыз", – делінген тариф сипаттамасында.

Сонымен қатар лоукостер Essentials тарифін де ұсынады. Осы тарифті таңдаған жолаушылар салмағы 8 келіге дейін қол жүгін және салмағы 20 келіге дейін багажды өзімен бірге алып жүре алады.

Бұдан әрі тарифтер қымбаттай береді. Ең қымбатын сатып алғандарға алдын ала орын таңдау мүмкіндігі беріледі. Сонымен қоса оларға борттағы ойын-сауық жүйесі қолжетімді болады. Тариф құнына, тіпті, тамақтану ақысы да енгізіледі. Бір қуантатыны билетті тиімді шарттармен қайтаруға болады екен.

Light және Essentials тарифтері арасындағы баға айырмашылығы туралы айтар болсақ. Мәселен наурыз айының басында "Мәскеу-Стамбұл" бағытындағы ұшақ билетінің құны 188 және 217 доллар шамасында болды. Бұл ретте бағадағы айырмашылық 30 долларды құраған.

Компанияның бұл бастамасы түрік әлеуметтік желілерінде жаппай талқылып, әлжелінің кейбір пайдаланушысы тарапынан үлкен сынға ұшырады.

Pegasus лоукостерінің негізгі бәсекелесі AnadoluJet жаңа брендті ресімдеу процесіне көшкен. Оның ең арзан тарифін таңдаған жолаушы 8 келіге дейін қол жүгін алып кіре алады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!