Түркияның әйгілі Бодрум курорттық қаласы көп ұзамай туристерге қызмет көрсете алмайды. Бұл үш жыл ішінде жалдау құнының 10 есе өсуіне байланысты болып отыр. Салдарынан Бодрумда тұратын қонақүй мен туризм қызметкерлері біртіндеп курорттан кетеді. Сондай-ақ, Түркияның көптеген мемлекеттік қызметкері басқа қалаларға тағайындау туралы сұрайтыны белгілі болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Superhaber басылымына сілтеме жасап.
Өткен жылы 45 шаршы метрлік үй үшін ай сайынғы жалдау ақысы 500-ден 2500 лираға дейін (23,610-нан 118,050 теңгеге дейін) болды, ал биыл үй үшін ең төменгі жалдау бес мың лираға дейін өсті (236,100 теңге). Бұл жалға алушыларды шығынға ұшыратады.
"Бодрумға деген қызығушылық бізді қуантады. Сонымен қатар, соңғы уақытта біздің мұғалімдер, дәрігерлер, медбикелер, полиция, әскери қызметкерлер, студенттер, туризм қызметкерлері және мемлекеттік қызметкерлер жалдау ақысынан қатты зардап шегуде. Егер олар өздеріне қолайлы жалға берілетін тұрғын үй таба алмаса, онда Бодрумда жұмыс істегісі келмейді. Нәтижесінде, біз ешкімге қызмет ете алмаймыз", - деді Бодрум қаласының мэрі Ахмет Арас.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметшілерге, туризм саласының мамандарына қолайлы баспана бөлу қажеттігін атап, туристік саладағы кәсіпорындарға осындай ұсыныс айтты.
Сонымен қатар, Ахмет Арас жалға берушілерден тұрғын үй бағасын 10-20 есе көтермеуді, ал ұзақ тұратын жалға алушыларға ескі бағамен жалға беруді сұрады.
Түркияның статистикалық басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың шілдесінде елде соңғы 18 жылдағы тұтынушылық инфляцияның ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Ал қазақстандық туристік ұйымдардың өкілдері Қазақстаннан Түркияға турлардың қымбаттағаны туралы мәлімдеді. Олардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда Түркияға турлардың бағасы шамамен 20 пайызға көтерілді.
Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!