Түркияда туристерге Жаңа жыл мерекесін тойлағаны үшін қомақты айыппұл салынды

Түркияның ішкі істер министрлігі елде 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында жүргізілген жаңажылдық рейдтер туралы хабарлады. Полицияның басты мақсаты - Жаңа жылды қарсы алуға арналған тыйым салынған бұқаралық іс-шараларды анықтау. Тексеру кезінде департаменттің соңғы мәлімдемесін елемегені үшін жүздеген жергілікті азаматтар мен шетелдік туристер ұсталып, оларға айыппұл салынған, - деп хабарлайды Тourdom.ru порталы. 

Hurriyet Daily News мәліметінше, ереже бұзушылықтардың көпшілігі Стамбулда анықталған. Мысалы, Силиври аймағында Жаңа жыл қарсаңында полиция 30-ға жуық қонақ жиналған виллалардың біріне барған. Ережені елемегені үшін кештің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына 91 мың түрік лирасы (5 200 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Босфор бұғазында да ережелердің сақталуы тексерілді. Демалысты ұйымдастырғысы келетіндердің көбісі полицейлер тек құрлықтағы тексерулермен шектеледі деп үміттеніп, теңізге яхта жалға алған. Алайда, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері суда да рейдтер жүргізді.

Атап айтқанда, операция кезінде бірден 14 адам жиналған яхта тоқтатылды. Олардың әрқайсысы енді 31,5 мың түрік лирасы (1 803 060 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі керек.

Сонымен қатар, қазір полиция жаңажылдық мерекелер тойланған бейнежазбаларды анықтау үшін әлеуметтік желілерді белсенді түрде бақылап отыр. Осындай жолмен Бурсада бұқаралық іс-шара анықталды, оны қонақтардың бірі онлайн режимінде таратқан. Нәтижесінде қатысушылар ұсталып, бәріне айыппұл салынды.

Сондай-ақ, Түркия қалаларында Ішкі істер министрлігі жүргізушілер мен жолаушыларды тексеру үшін жол посттарын ұйымдастырды. Сонымен, тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындар арасында коменданттық сағатты бұзушыларды анықтап қана қоймай, сонымен қатар пандемия кезінде туристерге экскурсия ұйымдастыруға да жол берілмеді.