Демалыстың сәтті өтуі дұрыс таңдалған қонақүйге байланысты. Ал лас төсек-орын немесе дөрекі қызметкер тәрізді факторлар көңіл-күйіңізді бұзуы мүмкін. Tengritravel.kz тілшісі Unian сайтына сілтеме жасай отырып, жақсы қонақүйді қалай таңдауға болатынын айтты.
Reddit әлеуметтік желісінің оқырмандары "нашар" қонақүйлердің басты белгілерін тізіп берді. Олардың пікірінше, қызметкерлер тарапынан жіберілген мұндай кемшіліктер қонақүйде, тіпті, бір түн де тұрақтамаудың белгісі екенін ескеру керек.
"Иісі тым өткір ауа тазартқыштарды ұнатпаймын. Егер сіз орналасқан қонақүй бөлмесінде ауа тазартқыштың иісі тым өткір болса, иелері көгерген жерлердің, кәріздің немесе одан да жағымсыз иістерді жасыруға тырысатынын біліп жүріңіз", - деп жазды im_not_matt лақап атымен тіркелген оқырман.
KarlSethMoran есімді тағы бір желі қолданушысы қонақүй бөлмесінде қою қоңыр дақтарға назар аударуға кеңес берді. Жатын орынды, әсіресе кереуеттерді, матрацтарды, оның ішкі тігістерін мұқият қарап-шығуды ұсынды.
"Кереуеттің жоғарғы жағындағы, матрацтың астындағы немесе тігістеріндегі кішкентай қара қоңыр дақтар қандала болуы мүмкін", - деп ескертті ол.
Сонымен қатар оқырмандардың бірі қонақүй таңдағанда ескеретін маңызды жайтпен бөлісті. Сөзінше, бөлмеге кірген кезде тыныс алуың қиындап, көзің жасаураса, бұл жерде жақында жәндіктерді улаған болуы мүмкін.
Желі қолданушыларының шағымдарына сүйенсек, туристер қызықты жағдайлар жиі тап болады. Мысалы, бірде такси жүргізушісі саяхатшыны қонақүйге апарар алдын одан "Сенімдісіз бе?" деп сұраған екен.
Бұдан бөлек тағы бір оқырман қонақүй қызметкерлерінің жас шамасын ескеру керек дейді.
"Тәжірибеме сүйенсем, егер қонақүйдің барлық қызметкері жас болса, бұл басшысының төмен жалақы алатын мамандарды жалдайтынын білдіреді. Әдетте, мұндай қызметкерлер өз міндеттерін біле бермейді. Сәйкесінше, қызмет толыққанды көрсетілмейді", - дейді ол.
Дегенмен қонақүйді таңдау барысында бастысы мұқият іздестіріп, қонақүйдің басқа қонақтарының пікірлеріне құлақ асу керек. Оқырмандар атап өткендей, бұл демалысқа дейін қолға алатын ең дұрыс шешім болмақ.
"Егер баратын жеріңізді ғаламтор арқылы іздесеңіз, бірақ ғимарат орналасқан аймақтың және оның көшелерінің суреттері болмаса, мұндай қонақүйге бармағаныңыз жөн", - деп түйіндеді желі қолданушысы.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!