Турист қонақүйдегі жанжалдан кейін "өрт шығарды"

Ұлыбританиядан келген турист қонақүй әкімшісімен жанжалдасқаннан кейін номерін өртеп жіберді деген күдікке ілінді. Таиланд полициясы оқиға орнынан қашып кеткен ер адамды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Metro мәліметінше, саяхатшы қызмет көрсетуге көңілі толмай, жанжал шығарған.

Тай елінің Чиангмай қаласындағы қонақүйлердің бірінің әкімшісі 23 жастағы Сахатсават полицияға өрт басталмай тұрып ол қонақүй келушісімен ұрысқанын айтқан. 27 жастағы ұлыбританиялық қызмет көрсету сапасына разы болмай, ресепшен қызметкерлеріне айғайлап, тіпті сөрені тепкен", - деп жазады басылым.

"Турист әлденеге ашулы еді, сөйтіп маған айғайлады. Мен не үшін айғайлағанын түсінбедім, себебі оның не айтқанын ұқпадым", - дейді қонақүй әкімшісі.

Қонақүй қызметшісі өз денсаулығына алаңдап, "көрші қоймада жасырынғанын" мойындады. Кейінірек ол қонақтың сөмкелерін жинап, қонақүйден кетіп бара жатқанын көрген.

"Ол енді құтылдық деп ойлағаны сол екен, ашуға булыққан қонақтың бөлмесінен түтін шыға бастағанда үрейі қашқан. Өрт бірден төрт қабатқа жайылған", - деп жазады дереккөз.

Өрт тұзағына түскен алты қонақ қою қара түтінге тұншығып қалмас үшін бөлмелерінің балкондарына шыққан.

Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер таңға дейін отпен арпалысты, қаза тапқандар жоқ.

Полиция қонақүй орналасқан ауданды оқшаулады, ал ұлыбританиялық ер адамға іздеу жарияланды.

"Бұл күрделі жағдай. Офицерлер ұлыбританиялықты іздестіріп жатыр, себебі ол басты күдікті. Өрт біраз адамның өміріне қауіп төндірді", - деді майор Таватчай Понгвиватчай оқиға орнында журналистерге берген сұхбатында.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!