Турист Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде акуланың құрбаны болды

Гавай аралдарында Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде турист акула шабуылынан қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. Nation World News мәліметінше, Пайя Бэй жағажайында 39 жастағы серфер Джейсон Картерге акула шабуылдаған.

Мауи полиция департаментінің өкілдері, оқиға 2023 жылы 31 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша шамамен 11:00-де болғанын айтады. Ол серфингпен айналысу үшін суға түскеннен кейін 20 минут өткенде акуланың құрбаны болған.

Саяхатшыны құтқару командасының гидроциклі құтқарған, олар жыртқышты үркіту үшін түрлі маневр жасаған. Кейінірек Джейсон Картер Мауидегі мемориалдық медициналық орталыққа жеткізілген, дәрігерлер оның өмірі үшін арпалысқан алайда оның жарақаты тым ауыр болуына байланысты сол жерде жан тапсырды.

Қайғылы оқиғадан соң билік өкілдері жағажайды жауып, осы жағдайға қатысты тергеу бастаған. Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін демалушыларға акуланың жүргені туралы ескерту үшін дыбыстық дабыл сереналары орнатылған.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!