"Тұрғындар үйге қамалып отыр". Құтырған маймылдар туристік қаланы басып алған

Таиландтың Лопбури қаласында жылда маймылдарға арналған Буфет фестивалі өткізіледі. Дегенмен соңғы жылдары фестивальдің соңы қаладағы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Себебі құтырған макакалар қалада ойран сала бастады. Бұл аздай жергілікті тұрғындарға шабуыл жасап, тамағын ұрлап, "қарақшыларға" айналды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі travel.rambler.ru сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың көбісі қаладан бой тасалаған. Ал қалғандары сыртқа шығудан қорқып, үйде қамалып отыруға мәжбүр. Қаладағы қауіпті аймақтарда арнайы ескерту белгілері қойылған. Десе де, осылайша еркінен тыс "бұғатталып" отырған аудандар да бар.

Бұрын мұндай сұмдық болмаған екен. 1989 жылы жергілікті билік маймылдар мерекесі - Буфет фестивалін ойлап тапқан. Себебі халық оларды қаланың жебеушісі санап, пір тұтқан. Мерекеде Лопбури тұрғындары макакаларға көкөністер мен жемістерді үйіп-төгіп, дастархан жайған. Көптеген турист бұл мерекенің куәсі де болған.

Алайда азық-түліктегі қанттың көп мөлшері маймылдардың жыныстық белсенділігін арттырып, агрессивті жануарға айналдырды. Салдарынан олар жаппай көбейіп, қаланы мекендей бастады. Маймылдар үшін ең ауыр кезең - пандемия кезі болды. Өйткені фестиваль мүлдем өткізілмеді. Аласұрған макакалар қаланы шарлап, жергілікті тұрғындарға шабуылдады. Олар жабайы аңнан құтылу үшін қолындағы жеміс-жидекті, фаст-фудты беріп, құтылуға тырысты. Деген бұл, керісінше, жағдайды ушықтырып жіберді.

Енді тұрғындар "хайуанаттар бағына" айналған қаладан қашып жатыр. Бұл ретте "хайуанаттар бағының" ережесі өзгеріп кетті. Себебі маймылдар көше кезіп жүрсе, тұрғындар үйінде "торға қамалғандай" болып отыр.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!