Танымал қазақстандық тревел-блогер Әділет Рахметолла Instagram желісіндегі парақшасында судағы ең алып тіршілік иесі - кашалоттармен жүзген видеосын жариялады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Саяхатшының айтуынша, видео Маврикий аралына жақын маңда Үнді мұхитында түсірілген. Ол бастапқыда дронға түсірген, сосын әлемдегі ең үлкен сүтқоректілермен бірге жүзген. Оның айтуынша кашалоттың жанында дельфиндер, балықтар жүрмейді екен, себебі одан шығатын ультрадыбыс балықтарға зиян болса керек.
"Алғаш көргенде әрине, қорқыныш болды, бірақ эмоция бөлек. Адамдардың китпен, кашалотпен шомылуы күнделікті жағдай емес. Оның терісін ұстап шомылу дегеннің өзі ерекше әсер сыйлайды екен. Суда "балықша" жүзе алмасақ та барымызды салып шалдыққанша шомылдық. Міне, бес күн өтсе де әсері ұмытылмады. Бағымызға орай толқын қатты соқпады, шомылуға жақсы мүмкіндік болды. Келесі күні тағы бір топ барған екен, толқын үдеп, суға түсу қиынға соғыпты", - дейді қазақстандық жиһанкез.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әділет судағы алып тіршілік иелерін табу оңайға соқпағанын айтады.
"Бұлар өзі отбасы болып та, жалғыз да жүреді екен. Су бетіне тек бес минутқа шығады, сосын тереңге бойлап басқа бір жерден шығады. Біз онда киттерді көрсететін мамандармен бірге бардық. Мұрнынан су атқылағанын көріп қалып, дереу жанына бардық. Біз жақындаған бойда олар тереңге сүңгіп кетті, біраз уақыт күтіп отырдық. 10-15 минуттан соң басқа тұстан шықты, осылайша артынан қуып жүріп видеоға түсірдік, бірге жүздік", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Маврикий Африканың шығысындағы шағын арал. Бір миллион екі жүз мың халқы бар, француз тілінде сөйлейді. Негізгі табыс көзі - туризм және қант экспорты.
"Мұнда әлемнің түкпірінен көптеген турист келеді. Серфинг, заманауи жағажайлар және ең басты көрнекі орны - суасты сарқырамасы. Бізде негізі осы суасты сарқырамасын көруге келгенбіз, жолымыз болып киттер мен кашалоттармен жүзу бұйырды", - деп түйіндеді Әділет Рахметолла.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!