Круиздік лайнермен саяхаттап жүрген шетелдік турист 7 қыркүйекте Багам аралдарында акуланың шабуылан кейін қайтыс болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Багам корольдігі полицициясының өкілі Крислин Скиппингстің айтуынша, 58 жастағы америкалық әйел отбасымен бірге сноркелингпен айналысып жүргенде Грин-Кей резерватында акуланың шабуылына ұшыраған. Globalnews мәліметінше, аты аталмаған саяхатшы Багам аралдарына америкалық Royal Caribbean круиздік компаниясымен сол күні таңда келген.
Кеме Багам аралдарының астанасы Нассау қаласына тоқтаған сәтте отбасы туристік компанияның жеке катерінде Роуз аралына жақын маңда снокерлингпен айналысу үшін экскурсияға аттанған. Шамамен жергілікті уақыт бойынша 14:00-де су астында жүзген әйелге акула-бұқа шабуылдаған.
Отбасы мүшелері әйелге көмектесуге асыққан. Туристік компанияның қызметкерлері әйелді катерге көтеріп шығарып, жақын маңдағы айлаққа аттанған. Оларды онда дәрігерлер күтіп тұрған. Алайда әйел жағаға жетпей жан тапсырған. Басылым мәліметінше, әйелдің денесінде жыртқыштың тістеген іздері қалған.
Әйел мен оның отбасы Royal Caribbean Harmony of the Seas круиздік лайнермен АҚШ-тың Флорида штаты Порт-Канавераладан жеті күндік турға шыққан. Әйел қайтыс болғаннан кейін круиздік компания "осы қиын сәтте жақындарына қолдау көрсетіп, көмек беріп жатқандарын" жариялаған.
Оқиға болған аймаққа баруға уақытша тыйым салынды. Билік өкілдері тергеу шаралары жүріп жатқанын мәлімдеді. Мұндай жағдай Багам аралдарында соңғы рет 2018 жылы болған екен.
Дәл осы акула-бұқа басқаларына қарағанда еш себепсіз адамға шабуылдайды екен. Былтыр бүкіл әлем бойынша осы жыртқыш түрінің адамға шабуылдауының 73 жағдайы тіркелген.