Таиландтағы танымал Панган курортына ата-анасымен бірге демалысқа келген израильдік жас турист шомылып жүргенде улы медузаны ұстап, қайтыс болды. Бұл туралы Times of Israel жазады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Басылымның мәліметінше, қайғылы жағдай аралдың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Хаад Рин жағажайында болған. Тоғыз жасар бала қорғалатын аумақтан тыс жерге шомылған. Ол "бірдеңе шағып алды" деп теңізден айғайлап шыққан, содан кейін есінен танып қалады.
Бала жағалаудан 15 минуттық жердегі ауруханаға жеткізілгенмен, дәрігерлер көмектесе алмай, қайтыс болады. Оны улы медуза шаққан деп болжанып отыр.
Таиландтың табиғи ресурстар министрі Варавут Силпа баланың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ, ол тиісті органдарға оқиғаның мән-жайын анықтап, медузалар тұратын туристік аудандарда алғашқы медициналық көмек көрсету жабдықтарын дайындауды тапсырды.
Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!