Таиландта мейрамхана күзетшілері туристі өлтірді

Таиландтың танымал курорттық қаласының көшесінен шетелдік туристің денесі табылды. Куәгерлердің айтуынша, ол мейрамхана күзетшілерімен төбелестен кейін қансырап өлген. Туристің қай елдің азаматы екені әзірге белгісіз. Бұл туралы тай БАҚ өкілдері жазды. 

Оқиға Паттайяда болған. Куәгерлер базар орналасқан Пратамнак Сой 5 көшесінің дәл ортасынан қимылсыз жатқан ер адамды көреді. Жергілікті мейрамханалардың бірінде түнгі уақытта жанжал шыққан. Жанжалдың неден шыққаны белгісіз, сондай-ақ полицейлер оқиғаның мән-жайын айтудан, мейрамханының атауын жариялаудан бас тартқан. 

Полицейлер кісі қолынан қаза тапқан ер адамның кім екенін анықтайтын болады. Қаза тапқан ер адамның жасы шамамен 50-де. 

Осыдан екі апта бұрын Паттайяның тағы бір мейрамханасында осыған ұқсас жағдай болған еді. Турист есеп айырысудан бас тартып, қашып кетпекші болған делінеді. Күзетшілер оны қуалап жүріп, соққыға жыққан. Соның салдарынан ер адам жерге құлап, басынан соққы алған.