Джейсон Мэтью Бальзерді Таиланд полициясы жүкті әйелін өлтіргені үшін қамауға алды, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы Тourweek басылымына сілтеме жасап.
Таиланд полициясы мемлекеттің солтүстігінде орналасқан Нан провинциясында тұрған 32 жастағы Питчапорн Кидчобтың өліміне күдіктіні ұстады. Күдікті - оның күйеуі, 32 жастағы АҚШ азаматы. Қылмыс отбасы тұратын үйде болған. Америкалық азамат Чиангмай қаласында жасырынған жерінен ұсталды.
Питчапорн байланысқа шықпағаннан кейін анасы полицияға хабарласқан. Анасы оған дейін өзі қызының үйіне келіп іздеген, алайда оны таппаған. Тек жатын бөлмеден қан ізін байқаған.
Полиция тергеу шараларын бастап, ерлі-зайыпты тұратын жерден 15 шақырым жерде қанға боялған төсенішті табады. 2 күннен кейін жәбірленушінің денесі табылды. Ол матрастың жанындағы қоқыс жәшігінде жасырылған. Сараптамаға сәйкес, оның кеудесіне бірнеше рет пышақ соққысы жасалған. Сонымен қатар, сараптама өлтірілген адамның жүкті екенін көрсетті. Жүктілік мерзімі 2 ай болған.
Бальзер қамауға алынғаннан кейін сұрауға алынды және әйелінің жүктілігі туралы білмегенін айтты. Ал қылмыс отбасылық жанжалдан шыққан. Әйелі Мэтьюді оның ақшасына сатып алынған үйден қуып шыққан. Ол соған ашуланып, пышақ сұққанын білмей қалған. Енді Бальзер сот алдында жауап береді. Таиландта кісі өлтіру қылмысына өлім жазасы кесіледі.