Таиландта 20 метрлік құздан құлаған ұлыбританиялық турист еміне ақша таба алмаған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Glasgow Live порталына сілтеме жасап.
35 жастағы Керри Хьюз 22 қаңтарда Ко Ланта аралында скутермен келе жатып, рөлді тізгіндей алмай, жартастан құлаған. Турист шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Барлық медициналық шығынды өзінің несие картасымен төлей бастаған. Себебі сақтандыру компаниясынан ақшасын қайтарып аламын деп үміттенген.
Бірнеше күннен кейін сақтандыру компаниясы Хьюздің емін төлеп бермейтіндерін мәлім еткен. Мамандар скутердің қозғалтқыш көлеміне қарап, оны мотоциклмен теңестіріп жіберген. Ал туристің сақтандыру полисі мұндай жағдайларда қолданылмайды екен.
Шоттың барлығын өзі төлеуге тура келетінін білген Хьюз дереу ауруханадан шыққысы келді. Дегенмен ол кезде туристің екі несие картасындағы ақша да таусылған болатын.
"Бетімнің қатты жарақаттанғаны соншалық оны тігу қажет болды. Сондай-ақ арқам ауырсынды. Бас жарақатын алдым. Мұрным сынып, тізем жараланды", - деді Хьюз.
Ұлыбританиялық әйел көмексіз жүре алмайтын жағдайға жеткен. Мұны көрген дәрігері науқасқа пәтерінде уақытша тұруды ұсынды.
"Дәрігерім көмектеспегенде не боларын білмеймін. Оған мәңгі қарыздармын", - деді Хьюз.
Айта кетейік, қазір туристің отбасы Хьюзді емдеп, үйіне қайтару үшін қаражат жинап жатыр.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!