"Шымбұлақ" тау шаңғы курортының директоры Ринат Абдрахманов жаңа маусымда курорт неге қымбаттағанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, Шымбұлақта сырғанау маусымы 16 қарашада басталды. Алайда карантинге байланысты курортта белгілі бір жұмыс режимі енгізілген.
"Қаланың санитар қызметтері курортқа келушілер санына шектеу енгізді - күніне 2700 адам ғана. Біз шаңғы тебуді таңғы сессияға және күндізгі сессияға деп бөлдік. Яғни қазір адамдар таңертең 8:30-дан 13:30-ға дейін жүре алады. Ал қалғандары 12:30-да келіп, кешке дейін жүре алады. Қонақтардың шамамен 40 пайызы таңертең келсе, 30 пайызы күннің екінші жартысында келеді. Қалғандары толық күнге сатып алады", - деді "Шымбұлақ" бас директоры Абдрахманов.
Бұдан басқа, "Шымбұлақ" басшылығы абонемент бағасының өзгергенін айтып өтті. Олардың айтуынша, енді кассадан сатып алған билет 15 пайызға қымбатқа түседі.
"Бізде баға өзгерді. Бұл шектеулерге байланысты. Яғни енді кассадан офлайн сатып алынған билет қымбатырақ болады, ал егер онлайн алатын болсаңыздар былтырғы бағамен ала аласыздар. Демалыс күндері біз онлайн сатылымды тоқтатамыз, ол кезде бізде кассалар ғана жұмыс істейді", - деді курорттың директоры.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!