Шенгенді қайтару үшін маңызды қадам жасалды - Еуропаның туроператорлары

Еуропаның 60-тан астам туристік ұйымы кіретін Еуропалық туризм манифестінің альянсы Шенген визаларын беруді қайта бастау үшін цифрлық төлқұжат енгізуді жеделдетуге шақырды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі SchengenVisaInfo.com сайтына сілтеме жасап.

Ұйым ЕО-ға мүше елдердің үкіметтерін жазғы туристік маусымға үлгеру үшін шілде айына дейін вакцина төлқұжаттарын енгізуге шақырды. Сонымен қатар, туристік сектордың өкілдері вакцина салдырғаны туралы электронды төлқұжаты бар туристерді кез-келген қосымша шектеулерден босатуды талап етіп отыр.

Вакцина науқанының арқасында туристік сектордағы компаниялардың қайта жандануына үміт пайда болды. Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметінше, 25 мамырдағы жағдай бойынша Еуропалық Одақтағы ересектердің шамамен 46 пайызы вакцинаның алғашқы дозасын алды. Сонымен қатар, ЕО жедел қолдау қорынан барлық мүше елдерге COVID-19 тестін сатып алуға 100 миллион евро бөлінді.

"ЕО-ның COVID сандық сертификаты туралы келісімі - Шенген аймағында қозғалыс еркіндігіне жасалған қадам. Еуропа тұрғындары осы жазда отбасы мүшелері мен достарына бару, демалу немесе іссапарлар өткізу үшін шекаралардың ашылуын асыға күтеді. Біз мүше мемлекеттерді сертификатты шұғыл түрде енгізуге және вакцина салдырған туристер үшін қосымша талаптарды алып тастауға шақырамыз", - делінген Еуропалық туризм манифест альянсының хабарламасында.

COVID-19 төлқұжаты оның иесінің денсаулық жағдайын көрсетеді - ол вакцина салдырған ба, бұрын ауырған ба және ПТР тестінің нәтижелері қандай болды деген мәліметтерді қамтиды.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!