Ресейде COVID-19-ға қарсы үшінші вакцина тіркелді

Ресейде Чумаков атындағы орталықта жасалған үшінші коронавирусқа қарсы вакцина тіркелді. Наурыздың ортасында вакцинаның алғашқы 127 мың дозасы азаматтық айналымға жіберіледі. Бұл туралы елдің премьер-министрі Михаил Мишустин мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости ақпарат порталына сілтеме жасап.

"Бізде бүгін үшінші "КовиВак" вакцинасы тіркелді. Ол Чумаков атындағы орталықта әзірленді. Наурыздың ортасында алғашқы 127 мың доза азаматтық айналымға жіберіледі", - деді Мишустин COVID-19 алдын-алуға арналған вакциналар туралы кеңесте.

Министрлер кабинетінің басшысы Ресей жаңа коронавирус инфекциясының алдын алу үшін үш вакцина әзірленген әлемдегі жалғыз ел екенін атап өтті.

"Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі М.П. Чумаков атындағы иммунобиологиялық препараттарды зерттеу және дамыту федералды ғылыми орталығы әзірлеген үшінші ресейлік "КовиВак" вакцинасын тіркеу туралы шешім жасады. Еріктілерге жүргізілген клиникалық зерттеулер барысында вакцина қауіпсіз және тиімді екенін көрсетті", - деді РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко.

Оның айтуынша, вакцинадан кейінгі кең ауқымды зерттеулер тіркеуден кейінгі кезеңде жалғасады. Ол жаңа вакцина классикалық технология бойынша жасалғанын және оның құрамында инактивацияланған вирус бар екенін айтты.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!