Күту уақыты, рейстердің кешігуі, қызмет көрсету сапасы, дүкендер мен мейрамханалар... Осы және өзге критерийлер бойынша Еуропадағы қай теміржол вокзалдары жолаушылар үшін ең қолайлы болып саналатынын зерделеп көрейік, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Қазір пойызбен саяхаттау қайтадан танымал бола бастады. Көліктің осы түрін таңдаушылар үшін сапар барысындағы ғана емес, станцияға келу мен кету кезіндегі жайлылық маңызды.
Еуропаның қандай теміржол вокзалдарында жолаушыларға жақсы жағдай жасалған?
Consumer Choice Center тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымы жыл сайын саяхатшылар үшін ыңғайлы критерийлерге сүйене отырып, Еуропа континентіндегі ең ірі 50 теміржол станциясының рейтингін жасақтайды.
Сіздердің назарларыңызға 2023 жылғы ең үздік теміржол вокзалдарының тізімін ұсынамыз.
Вокзалдар қандай критерийлер бойынша бағаланады?
European Railway Station Index 50 деп аталатын зерттеуге сәйкес теміржол вокзалдары пойызды күту қанша уақытты алатынына қарай, рейстердің кешігу жиілігі мен ұзақтығына қарай, сонымен қатар көлік қатынасының жұмысы қаншалықты реттелгеніне қарай бағаланады.
Бұдан бөлек бағалау барысында вокзалдағы билеттерге арнайы тарифтердің болуына, промо-акциялардың өткізілуіне, билет кассаларының жұмыс уақытына және анықтама бөлімінде ақпараттың толық берілуіне, сондай-ақ қызмет көрсету сапасына ұпайлар беріледі. Бұл ретте күту залдарының болуы, дүкендер мен мейрамханалардағы қызмет көрсету сапасы, смартфон қосымшаларының болуы, олардың қолжетімділігі, тегін Wi-Fi және Bolt, Uber сияқты такси қызметтерінің болуы ескеріледі.
Сарапшылар ұлттық деңгейдегі ведомстволардың есептерін, онлайн-статистиканы, вокзал карталарын, олардың нақты уақыт режиміндегі жаңартуларын мұқият зерттеді. Сонымен қоса жолаушылардың пікірлеріне талдау жүргізді.
© pixabay.com/pasja1000
Еуропадағы ең үздік вокзал Швейцарияда орналасқан
2022 жылғы рейтингті бастаған Швейцариядағы Цюрих вокзалы әлі де жолаушыларға ыңғайлығы жағынан бірінші орында тұр. Ол 102 ұпай жинады.
Цюрихтегі билет кассасы таңғы 06:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Балаларға, үлкен топтарға, жастар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы тарифтері бар. Пойызды күту уақыты орташа есеппен бір минутты құрайды. Бұл жерде пойыздардың тек 3 пайызы ғана кешігіп келеді екен.
Вокзал аумағында 106 дүкен мен дүңгіршек, сондай-ақ 53 мейрамхана мен асхана жұмыс істейтінін ескерсек, рейстерге кешігіп келетін жолаушыларды түсінуге болады.
Венаның басты вокзалы рейтингте биыл ғана пайда болды. Дегенмен көлік қатынасының жақсы ұйымдастырылуына, олардың қолжетімділігіне, жалпы вокзалдың жақсы қызметі үшін жоғары бағаға ие болып, бірден екінші орынға тұрақтады.
Германия астанасының орталық теміржол вокзалы мен швейцариялық Берн вокзалы үшінші орынды олжалады. Ал Нидерландыдағы Утрехт орталық вокзалы төртінші орыннан көрінді.
Үздік ондыққа Франкфурт вокзалы (Германия), Неаполь Орталық вокзалы (Италия), Амстердам орталық вокзалы (Нидерланды), Париждегі Лион вокзалы (Франция), Осло орталық вокзалы (Норвегия) және Майдлинг вокзалы (Аустрия) кірді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!